"ДАЛАНЫҢ ҚАЗАҒЫ ЕДІ": БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІҢ ОТБАСЫ ТАҒЫ ДА ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 1262
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Белгілі тележурналист, "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларын жүргізген марқұм Бейсен Құранбектің әкесі Абай да өмірден өтті. Ауыр қаза қазақ халқының қабырғасын қайыстырып жіберді.

Әлеуметтік желі арқылы көңіл айтушылардың санында есеп жоқ. Солардың бірі, фотограф Жеңіс Ысқабай: "Ол жаққа да жақсы адам керек екен. Жатқан жеріңіз жайлы болсын Абай ақсақал!", - деп жазса, әдебиетші, қаламгер, журналист Есболат Айдабосын Бейсеннің әкесі туралы жүрек тебірентерлік естелік қалдырды.

"Қашан көрсең айналасына елді үйіріп қойып әңгіме айтып отыратын. (Бұл қасиеті Бейсен ағаға да жұққан) Кейде тосыннан сұрақ қойып састыратыны бар, қалжыңы да әркез "қалтасында" жүретін. Әсіресе Жалайырдың (қайын жұрты) жігіттерін жезде боп қажағанды жақсы көреді. Бір күні дастархан басында:

- Е, жалайырлар озды ғой, - деді әлдебір әңгіменің шетін шығарып.

- Е, қалай? - дедім тыңдауға бейіл танытып.

- Ғарышқа да бірінші ұшты, - деп тоқтады. (Айдын Айымбетов ғарышқа барып қайтқан кез болатын. Есіме сол түсті, Талдықорғаннан, яғни Жалайыр шығар деп ойладым. Бірақ Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бар емес пе?!)

- Қалай бірінші болады? Тоқтар мен Талғат бар емес пе? - дедім өзімше білгішсініп.

- Өй, енді күшіктер емес пе бірінші ұшқан, - деп қарап отыр. Ғарышкер Белка-Стрелка мен бірге Жалайырдың ішінде Күшік деген рудың бары есіме қатар түсті. Ағаның қалжың-қағытпадан құрған қақпанына түскенімді сезіп қарқылдап күлдім. Әзілінің өткеніне о кісі разы.

Сөйткен Абай аға да көшіпті жалғаннан. Нағыз даланың қазағы еді, "ерке өскен, әлі күнге еркелейді" деп қоятын Бейсекең марқұм. Иманы жолдас болсын, бұ дүниеде көрмеген жақсылығын о дүниеден көрсін! Артында қалған берекесі бала-шағасына дарысын!" - деп жазды Есболат Айдабосын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"