АДАМ ҚАҒЫП, ҚАШЫП КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІ ТӨРТ КҮННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 1014
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші төрт күннен кейін ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде сағат түнгі 23:00 шамасында Іле ауданында "Нұрсұлтан – Алматы" автожолының 59-шақырымында оңтүстік бағытта келе жатқан белгісіз көлік Ақши ауылының 46 жастағы тұрғынын қағып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркелді.

Оқиғаның мән-жайын мұқият талдаған іздестіру тобы жедел-іздестіру іс-шараларының жоспарын жасап, күдіктінің ізіне түсті. Тәртіп сақшылары көрші Қарасай ауданындағы жеке үйдің ауласында жол-көлік оқиғасының іздері бар тығылған "Тойота Авалон" автокөлігін анықтап, тапты. Зақымдалған орын ұқыпты түрде матамен жасырылған. Осыған байланысты Исаево ауылының 60 жастағы тұрғыны болып табылатын жүргізуші ұсталды. Ол өзінің адамды қағып кеткенін мойындап, оқиға орнынан қорыққаннан қашып кеткенін жеткізді.

- Жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты қылмыстардың санатын жүргізушілер оқиға орнынан қашып кеткен жағдайда ашу қиын. Алайда жеке уақытпен санаспай, жоспарлы және мұқият жұмыс істелсе, маңызды дәлелдерді тауып, күдіктіні әшкерелеуге әрқашан мүмкіндік бар. Біздің ісімізде ұсақ-түйек болмайды, кейде ең кішкентай бөлшек те қашып кеткен жүргізушіні ұстауға көмектеседі, - дейді Алматы облысы полиция департаменті ЖПҚБ іздестіру тобының инспекторы, полиция майоры Алдияр Тайбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"