ПОЙЫЗ БЕН АВТОБУС СОҚТЫҒЫСҚАН ЖЕРДЕН СУ ЖАҢА КӨПІР ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 1008
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында былтыр ғана пойыз бен автобус соқтығысып, адам өлімі болған жерден жаңа көпір ашылды.

Осыдан бір жыл бұрын, яғни, 2019 жылдың 15 қыркүйегінде Шамалған теміржол бекетінде жол-көлік оқиғасы орын алған еді. Мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін шұғыл шаралар қабылданып, жаяу жүргіншілер өтетін аспалы көпір мен автокөлікке арналған айналма жол салу жайлы шешім қабылданған болатын. Облыс, аудан басшылығы бұл шараны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, көп ұзамай құрылыс жұмыстарының басталғанына куә болдық.

Енді, міне, осы игілікті істің нәтижесін көретін күнге де жеттік. Бүгінде  ұзындығы 61,56, биіктігі 9,8 метр болатын, мүгедектер мен қарт адамдарға арналған екі жеделсатысы бар көпірдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр.

Аталған көпірдің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов:

– Апат айтып келмейді. Өкінішке орай, осы жерде қайғылы жағдайда адам өмірі қиылды, – деді ол сөзінің басында. – Бұл жағдай бәрімізге ауыр тиген еді, еске алудың өзі қиын. Сол уақытта біз елмен бірге болып,  шұғыл шараларды қолға алдық. Осыған сәйкес, жедел түрде Шамалған бекетінің айналма жолы мен теміржол өткеліндегі жаяу жүргіншілер көпірін салу туралы шешім қабылданды. Шұғыл арада құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар басталған болатын.

Міне, бүгін өздеріңіз куә болғандай, Шамалған бекетінің теміржол өткеліндегі жолаушыларға арналған көпірдің құрылысы толықтай аяқталды. Жаңа салынған көпір жан-жақтан келетін қонақтар мен жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына үлкен мүмкіндік береді. Көпірдің құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 364,5 млн. теңге бөлінді. Аз уақыт ішінде бұл нысанды сапалы аяқтап, игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан «ДСУ-13» құрылыс компаниясының директоры Грачев Михаил Владимировичке ризашылығымызды білдіреміз. Жолаушыларға арналған бұл көпір аудан тұрғындарының темір жол арқылы қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысын қамтамасыз ететін болады.

Амандық Ғаббасұлы «КазАвтоЖол» республикалық мекемесі автокөлікке арналған айналма жол құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беретінін де жеткізді.

Осыдан кейін сөз алған Жібек жолы ауылының тұрғыны, көп балалы ана Оксана Сизова ұзақ жылдардан бері жергілікті жұртшылық үшін күрделі мәселеге айналған жерүсті көпірінің салынуымен тұрғындардың қауіпсіздігі қорғалып, мектепке баратын балалары үшін алаңдамайтынын айтса, ауыл ақсақалы Базаргелді Анисов өлке және аудан басшылығына ақжарма тілегін білдіріп, ақсақалдық батасын арнады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы