"ЛАҚТЫРА САЛМАЙЫҚ": ТАЛҒАР АУДАНЫНДА 75,3 ТОННА КҮЛ-ҚОҚЫС СЫРТҚА ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 1233
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде Талғар ауданында күзгі сенбілік жұмыстары қарқынды түрде өткізілуде. Оған ауданның мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, ең бастысы, көшелер мен көпқабатты үйлердің тұрғындары жұдырықтай жұмылуда.

Қолдарына сыпыртқы, тырмаларын алып, ертемен сенбілік жұмысын бастаған азаматтар әп-сәтте-ақ өздеріне тиесілі нысанның айналасынан қап-қап қоқысты жиып, қызу еңбектің көрігін қыздырды.

Соның нәтижесінде өткен сенбілікке 1683 адам қатысып, 75,3 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. Жалпы саны 108 көше, 2532 метр арық жүйелері тазартылып, 17 жабайы қоқыс орындары жойылды.

- Көшенің, арық бойының қоқысқа толып, ластанып жатуы тұрғындар мәдениетінің төмендігінің көрінісі дер едім. Қоқыс бір адамның қолындағы қалдықпен емес, көп адамның пакет, пластик бөтелке сынды тұрмыстық заттарды арнайы жәшікке тастаудан ерініп, көрінген жерге лақтыра салуынан құралады. Ал оны жұрт жиылып, тазалайды. Санаға осы ісім ұят болды-ау дегенді ұялатсақ, көшелеріміз ластанбаған болар еді, – дейді Талғар қаласының тұрғыны, зейнеткер Мәрия апай.

Бұған күз мезгілінде ағаштардан суситын жапырақтарды қосыңыз. Ауылымыздың ажарлы, көшелердің көз тартарлық көрікті болуы – тазалыққа тікелей байланысты десек, айналаның айнадай жарқырауына әрбір тұрғынның үлес қосуы орынды. Оның жолы өте қарапайым. Бар болғаны қолдағы қалдық затты арнайы қойылған қоқыс жәшігіне салыңыз. Тіпті, аяғыңызға оралған зат көрсеңіз де, менікі емес деп менменсімей, қоқыс жәшігіне апаруға дағдыланыңыз. Сонда ғана қоқыстан көз ашылып, қоршаған ортаның тазалағына түйірдей болса да өз үлесімізді қосатын боламыз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы