ЖОҢҒАР АЛАТАУЫНЫҢ БӨКТЕРІНЕ КЕГЕННЕН ӘКЕЛІНГЕН ШЫРШАЛАР ЕГІЛДІ

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 1574
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Жоңғар" орман шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы мекемесі орманды әртүрлі кесапаттан қорғау үшін құрылған. Табиғат байлығын күтіп-баптап, төтенше жағдайдан қорғау - біздің бұлжымас міндетіміз.

Орманның сегізінші айналымының күтушісі жауапты міндетін атқарып келе жатқаныма отыз жылға жуықтаса да, әлі табиғат әлемімен толық таныспын айта алмаймын. Өйткені, табиғат-ананың біз білмейтін құпиясы көп. Ормандағы шырша алқабын кеңейту, жаңа түрін өсіру біздің шаруашылықтың негізгі міндетіне айналған.

Қазіргі таңда "Көксай" бөлімшесінің 40 гектар аумағына шырша егіліп, күтіліп-бапталуда. Құнарлы топыраққа отырғызылған өскіндер бүгінде бой көтерген. Тамырланып, топыраққа бейімделіп, орманның көркіне көрік қосқан. Биыл тағы 1,5 гектарға Кегеннен әкелінген шырша егілді. Бәрі көгеріп-көктеп тұр. Бұрын ағаш егу қолмен атқарылса, соңғы жылдары трактор берілген. Барлығы 340 гектар аумақты алып жатқан сегізінші айналымның табиғат байлығы дін аман.

Мұнда біз қарағай, тобылғы, арша-шырша, аң-құстың өртенбеуіне, мылтықтың атылмауына жауаптымыз. Демалушыларға, малшыларға уақытылы түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіліп тұратындықтан тау бөктерінде төтенше жағдай болған жоқ. Қауіпті жағдай бірден қалыпқа келтіріледі. Бей-берекет жүрген адамдардың табиғатқа қауіп төндіруі жайлы сезік туса, бірден назарға алынады.

Бүркітті, Сайынбөлек, Баянжүрек, Сарытау тауларының бөктерлері сирек кездесетін өсімдіктер мен аңдарға бай. Олардың қатарын көбейтіп, өсіріп-өндіру - орманшылардың міндеті. Қысы-жазы тау кезіп, көз талдырып, ат шалдырып еткен еңбегіміз еш кеткен емес. Өз нәтижесін беруде. Орманда жүгірген аң, ұшқан құстың қатары сиремеген.

Қайрат ТОҒЫЗБАЕВ,

"Жоңғар" орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман күтушісі

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан