ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАП ЖҮРГЕН МАС ЖҮРГІЗУШІГЕ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 967
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған көшелерінде масаң күйде жолаушы тасымалдап жүрген жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Талдықорған қаласының тәртіп сақшылары масаң күйде көлік тізгіндеп келе жатқан 34 жастағы Ақсу ауданының тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары оның ішімдікке тойып алып, жолаушы тасымалдап жүргенін анықтады.

Тексеру барысында 1986 жылы туған азамат бұған дейін де ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін сот шешімімен 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Ол мерзімі биыл желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді.

- Құқық бұзушының көлік тізгініне отыруға құқығы да, міндетті сақтандыру полисі жоқ екеніне қарамастан, қала көшелерінде көлік жүргізген. Сондай-ақ, медициналық куәландыру кезінде оның орта дәрежеде мас екені анықталды. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Іс материалдары жақын арада сот органдарының қарауына жолданады. Ұсталған азамат түнде медициналық айықтырғышқа орналастырылды, - деп хабарлады Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы қылмыстық жауапкершілік болып табылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"