БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ ЖҰМАХМЕТ ЖАЙЛАУБАЕВ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 01.10.2020
Оқылды: 2121
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Белгілі журналист, танымал тележобалардың авторы әрі жүргізушісі, ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбие бағытында, сондай-ақ, түрлі тарихи тақырыптарда қалам тербеп жүрген публицист-жазушы Жұмахмет Жайлаубаев "Жетісу" және "Огни Алатау" газеттерінің меншік иесі "Өлке тынысы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне контент-менеджер болып тағайындалды.

Жұмахмет Жанахметұлы Жайлаубаев 1960 жылы 15 сәуірде Қаратал ауданы, Кәлпе кеңшары, Тельман бөлімшесінде дүниеге келген. 1976 жылы Кәлпе орта мектебін бітіріп, еңбек жолын тракторист, кейіннен фотограф болып бастаған.

1978-1980 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін 1980-1995 жылдары Талдықорған қаласында кәсіпқой фотограф, 2001 жылдан «Жетісу» арнасында телеоператор болып жұмыс істеді.

2004 жылдан бастап "Жетісу" телеарнасында редактор, «Иманашар», «Жәдігер», «Ойтүрткі», «Тіл тағдыры», «Шыңғысханның шындығы», «Шаңырақ», «Ғибрат» секілді көрермен тарапынан жоғары бағаланған телехабарлардың авторы әрі жүргізушісі болды. 2010 жылдан бастап "Жетісу" телеарнасы қазақ редакциясының бас редакторы, 2011 жылы бас директордың орынбасары, 2015 жылы эфир және мұрағат жетекшісі, 2019 жылы бас продюсер қызметтерін атқарды.

Білімі - жоғары. Талдықорған қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдаған.

2006 жылы "Мемлекеттік тіл және БАҚ" республикалық байқауында «Тіл тағдыры» хабары бірінші орынды жеңіп алды.

Жұмахмет Жайлаубаев - ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Марат Барманқұлов, Сағат Әшімбаев атындағы сыйлықтардың иегері, Алматы облысы әкімі жариялаған байқаудың екі мәрте жеңімпазы. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен, ҚМДБ Бас муфтиінің мақтау қағаздарымен марапатталған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"