ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЕШҚАНДАЙ ҚОСПАСЫЗ ОТАНДЫҚ ӨНІМ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 16.10.2020
Оқылды: 1600
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «G-Time corporation» компаниясының ұйымдастыруымен «Денсаулық және сұлулық күні» атты көрме өтті. Шарада аталмыш компанияның химиялық қоспасыз өнімдері көпшілікке таныстырылды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған «G-Time corporation» компаниясының бас директоры Дәурен Жұмағұлов:

– «G-Time» – тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де ең ірі және елеулі корпорациялардың бірі болып табылады. Қазақстандық «G-Тime corporation» компаниясының «Шұғыла Шунгит», "Golden Time Group" деген зауыттары бар. Бұл зауыттардан денсаулыққа пайдалы әрі бағасы қолжетімді өнімдер шығады. Өнімдердің  құрамында жоғары деңгейлі тазарту және емдік қасиеттерге ие шунгит бар.  Қазіргі таңда осы зауыттардан шығарып отырған дүниелерді инновациялық өнім деп атауға толық негіз бар. Өйткені, мұндай өнім дүниежүзінің ешбір елінде жоқ. Қазақстанда шығып отырған пайдалы заттар әлемнің 82 мемлекеттінде үлкен сұранысқа ие, – деді.

Осыдан кейін аталмыш компанияның тренер-консультанты, косметологі Гүлнар Мырзабекова:

– Таза, табиғи отандық өнімді жұртшылыққа таныстыру үшін бүгінгі шараны ұйымдастыруды жөн көрдік. Мақсат – химиялық қоспасыз жасалған отандық өнімнің пайдасын көрсету. Бүгінге дейін біздің компаниядан шыққан сабындар мен түрлі кремдер 33 түрлі тері ауруына көмектесті. Емдік қасиеті өте мол өнімдеріміз күнделікті қолданысқа арналған. Ең кереметі – ерлерге, әйелдерге, балаларға деп бөлінбейді. Барлығы қолдана берсе болады, – дей келе, шығарылып жатқан өнімдердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жұртшылыққа пайдасын толықтай тарқатып берді. Сондай-ақ, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған облыс әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне алғысын айтты.

Елуден астам өнім түрін шығаратын кәсіпорында қол-аяқ кремі, косметикалық бальзамдар, сусабын, жуынуға арналған гельдер, скрабтар, бет перделері, денеге арналған лосьондар сынды көптеген крем түрлері бар. Сонымен қатар, тері ауруларымен күресуге мүмкіндік беретін сабын өндіріледі. Бұл заттар алдымен зертханаларда, одан кейін өнеркәсіптік сынақтардан өткізіледі. Тек содан кейін ғана жаппай өндіруге және сатуға жіберіледі. Бұл өнімдер тек Қазақстан бойынша ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де таратылады.

Шара барысында тұрғындарға тері құрамын тазалау, массаж жасау, ылғалдылықты толтыру, үйде қол-аяқты қалай күту керектігі сынды бірқатар қызметтер тегін көрсетілді. Шараға жиналған халықтың қарасы өте көп болды. Олар кезек-кезекпен мекемеге кіріп, кеңестерін алды. Айналдырған 2-3 сағаттың өзінде 100-ден астам тұрғынға тегін көмек көрсетілді. Тіпті: «Кетпеңіздер, жұмыстан соң келеміз», - деген жандар көп болды. Ал арнайы қызмет алғандар компания қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.

Жиын соңында аталмыш компания Талдықорған қаласындағы көпбалалы және жағдайы төмен  отбасыларына көмек ретінде азық-түлік және зауыт өнімдері салынған  себеттер үлестірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы