ҚАПШАҒАЙДАҒЫ БАЛЫҚ КЕШЕНІНДЕ АВСТРАЛИЯЛЫҚ ШАЯН ДА ӨСІРІЛЕДІ

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 1036
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қапшағай қаласындағы "Kaz Organic Product” циклды балық өндірісі кешенінде баспасөз турын өткізді. Кәсіпорынның ерекшелігі - экологияға зиян келтірмейтін өндіріс циклының жасалуында. Мұнда балыққа арналған азық пен материалдар өз ішінде дайындалады.

Алдымен кәсіпорынды аралаған тілшілер африкалық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіру процесімен танысты. Зауыттың ерекшелігі сол, бассейнде балықты 6 айда дернәсілден бастап 1 келі тауарлық салмаққа дейін өсіріп, 1 жылда екі рет өнім алуға болады. «Бірақ осы жылы пандемияға байланысты өнімнің сатылуына нұқсан келген соң, бассейндегі температураны азайтып, балықтардың өсу процесін баяулатып отырмыз», - дейді технолог маман.

Кәсіпорын басшысы Алексей Щетинин зауыттың қуаты жылына тірі және қатырылған 10 мың тонна балық өндіруге жететінін атап өтті. «Қазір Үкімет халықтың көбірек балық өнімдерін тұтынуына көңіл бөлуде. Бұл  өндіріс қуатын арттыруға әсерін тигізеді. Тірі балықты да, қайта өңделіп ұзаққа сақтауға арналған өнімді де көбейту керек. Біз өндіріске аквамәдениеттің 10-ға жуық заманауи түрін енгіздік. Мәрмәр клариусын, тилапия және австралиялық шаян өсірудеміз. Биыл 2000 тонна өнім өткізуді жоспарлағанбыз. Пандемияға байланысты жоспарымыз ойдағыдай болмай тұр», - деді Алексей Щетинин.

70 адам жұмыс істейтін зауытта қолданылатын заманауи технологиялар мен күн сайын судың экспертизасын өткізетін зертхана өнімнің экологиялық таза болуын қамтамасыз етеді.

Мамандар Қазақстан су ресурстарында жыл сайын 600 мың тонна балық өсіру үшін аквамәдениетті қарқынды дамыту қажет деп санайды. «Бүгінгі таңда Үкімет әр аймақта балық шаруашылығы бойынша негізгі проблемалар мен ұсыныстарды жинауда. Соның негізінде балық өндірушілерді қолдау бойынша Заңдарға өзгеріс енгізілу керек. Айта кететін бір проблема – бұл салада маман жетіспейді. Біз өз қызметкерлерімізді шетелде оқыттық. Енді институттармен бізде жастардың тәжірибе алмасуы жөнінде, бірлесе маман дайындау бойынша келісіп жатырмыз», - деп айтты кәсіпорын басшысы. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Ресейге де экспортталады.

Журналистерге нарыққа шығарылатын, қайта өңделген неше түрлі балық өнімі көрсетілді. Мұнда балықтан жасалған котлет, тефтели, шұжық, кәуап, фарш, тағы да басқа өнімдер сертификатталып, арнайы қаптамамен "Магнум" және балық өнімдері дүкендерінде қолжетімді бағамен сатылады. Өнім сатылмас бұрын зертханада тексеріледі. Мамандар балық азығы - жемді Қазақстанда жасалған таза ингредиенттерден өздері дайындайтынын айтты.

- Қазақстандық өнімді табиғи таза, химиялық қоспасы жоқ болғандықтан Ресей жоғары бағалайды. Сондықтан, халықаралық нарықта да ұялмай мақтана аламыз. Балықтың 15 түрлі өнімін дайындаймыз. Клариустың ерекшелігі - оны аллергиясы бар адамдарға да жеуге болады. Пандемия кезінде коронавируспен ауырған адамдар жатқан ауруханалардың рационына еніп, біз балық жеткізіп тұрдық. Жалпы денсаулыққа пайдалы, омега-3, омега-6 секілді дәрумендерге бай балық өнімдерін халық тұрақты түрде тұтыну керек, - деп атап өтті кәсіпорынның қоғаммен байланыс менеджері Елена Проценко.

Алдағы уақытта балабақшадан бастап, әскери бөлімдерге дейін барлық мекемелерді балық өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Үкіметпен келіссөздер жүргізетіндіктерін айтты.

«Балық жегің келсе, балағыңды түр» дегендей, бұл саланы дамытуға күш салуымыз керек екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқан еді. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құраған. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолын қарастыруда.

Мақпал МЫСА

Қапшағай қаласы

Алматы облысы