БАС ПОЛИЦЕЙДІҢ ХАЛЫҚПЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУІ ТӨРТ САҒАТҚА СОЗЫЛДЫ

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 1047
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев азаматтарды Instagram парақшасында онлайн режимде қабылдады.

- Полиция әлеуметтік желіге шықты: күн сайын бөлімше басшыларының жаңа аккаунттары ашылып, азаматтармен қарым-қатынас түрі жетілдірілуде. Әлемдік пандемия да өз түзетулерін енгізді, онлайн іс-қимылдың халықпен өзара қарым-қатынас жасауда тиімді әрі ыңғайлы екенін көрсетті. Мен полицияның облыс тұрғындарымен кезекті диалогымды онлайн-трансляция режимінде өткіздім. Біз азаматтарымыздың проблемаларын, ұмтылыстары мен өтініштерін бірінші болып естіп, оларға жедел ден қоямыз. Бізде мәселелерді "керекті" және "керексіз", "өзекті" және "өзекті емес" деп бөлу жоқ, өйткені диалог қағидаты ашық және нақты уақыт режимінде жүргізіледі. Эфирге қатысушы жауап ала алмаған бірде-бір сұрақ болған жоқ. Әрине, оларды шешуде уақытты қажет ететін мәселелер бар, бірақ олар менің жеке бақылауымда, - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Кудебаев.

Полиция өзінің отандастарына бір қадам жақындай түсті. Шамамен төрт сағатқа созылған эфир кезінде 200-ден астам сұрақ қойылып, 3000 интернет пайдаланушысы тікелей эфирді тамашалады.

- Менің тапсырмам бойынша, сәрсенбі күні сағат 10.00-де аудандық және қалалық басқармалардың бастықтары халықпен дәл осындай тікелей эфир жүргізеді. Егер сіз ауданда тұрсаңыз және ішкі істер органымен байланысты сұрақтарыңыз болса, оларды тікелей басшыларға қойып, оған толық жауап ала аласыз. Белсенді азаматтық қоғамның көмегімен ғана біз бірлесіп, мінсіз құқықтық мемлекет құра аламыз, - деп толықтырды генерал-майор.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"