АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫ 13 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН АЗАЙДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 916
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында биыл 927 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13,8 пайызға төмендеген. Бұл туралы «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында баяндалды.

Жыл басынан бері облыстағы тұрғын үй секторында тілсіз жаудың шарпуы 526 рет орын алған. Осындай олқылықтың салдарынан  23 млн.260 мың теңге көлемінде  материалдық залал келтірілген.

Жалпы облыс бойынша есепте 386 мың 870 жеке тұрғын үй бар, оның ішінде шамамен 65 пайызы қатты отынмен жылытылады.

Төтенше жағдайлар департаменті тіркеуде тұрған үйлердің 45 мың 803-ін тексерген. Кезекті профилактикалық шара барысында 1 867 заң бұзушылық анықталған.

Тек қана қатты отын салдарынан емес, табиғи газды қолдану барысында да оқыс оқиғалар тіркеледі дейді мамандар.

- Жыл басынан бері газ жарылуының 2 жағдайы болды. Соның кесірінен 9 адам зардап шегіп, 3 азамат көз жұмған. Мұның барлығы қауіпсіздік ережелерін ұмыт қалдырудан, орталық газға қосылған қондырғыны дұрыс пайдаланбаудан болған келеңсіздік, – дейді Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қанат Алтынбеков.

Бұдан кейін баспасөз алаңында «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Саймасай Алмұхамбетов ақпар берді. Қылышын сүйретіп қыс келгенде тек жылыту құралдарынан ғана қауіп келмейді. Үлкен жолдағы түрлі кедергілер де адам өміріне қауіп төндіреді.

Айта кету керек, облыста республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2822 шақырымды құрайды. 

Қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы бойынша комиссия құру және инженерлік-техникалық қызметкерлерді жол учаскелеріне бекіту шаралары жүргізілген. «Көк тайғақ жағдайында қолданылатын материалдар мен қажетті жол техникаларын дайындау жұмыстары іске асырылуда», – дейді жауаптылар.

- Былтырғы жылдың жұмыс қорытындысына сәйкес қауіпті және қар басатын аумақтар анықталды. Олар: Кеген (44-60 км), Арқарлы (142-150 км), Көкөрім (547-550 км), Алтын Емел (45-65 км), Ырғайты (105 км), Аласы (17-24 км), Көкпек шатқалы (152-165 км) және басқалар, – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Саймасай Алмұхамбетов.

Алдағы уақытта жоғарыда аталған автожолдарда арнайы вагондар орнатылмақ. Қатер аяқ астынан демекші, алда-жалда қар құрсауында қалған жолаушылар болса сол вагондарды паналайтын болады.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан