КӨШПЕЛІ БРИФИНГ АҚЫНДАР МЕН БАТЫРЛАР ЕЛІНДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері Жамбыл ауданына келді. Жан жадыратар жаңалықты елге алдымен жеткізуге асығатын журналистермен Жамбыл ауданының әкімі Бағдат ӘЛИЕВ бірге жүрді. Шара аясында көшпелі баспасөз мәслихаты өткізіліп, атқарылған шаруалар таныстырылды. Брифинг барысында бірнеше ауылда болған тілшілер бұл сапарда ақындар мен батырлар мекенінде атқарылып жатқан игіліктерді көзбен көріп, аймақтың тыныс-тіршілігіне қанығып қайтты.

Журналистер алдымен аудан орталығында жаңадан жасақталған сервистік әкімдікке атбасын тіреді. Бұған дейін әділет басқармасының қолданысында болған ескі ғимарат аудандық бюджетті үнемдеу есебінен жөнделген. Бірнеше мемлекеттік мекеменің мамандарынан құралған жаңа мекемеде 13 қызметкер халыққа 36 түрлі қызмет көрсетеді. Тілшілер одан кейін Қайназар ауылына келді. Ұзынағашқа іргелес орналасқан бұл елді мекендегі жолдарға қазіргі уақытта орташа жөндеу жұмысы жасалып жатыр. Осы мақсатта ауылдың жалпы ұзындығы 7,95 шақырымды құрайтын 9 көшесіне 294,4 миллион теңге бөлінген. Мердігер ұйым «Жол» ЖШС жұмысты биылғы мамыр айында бастапты. Мұнда 77 адам жұмысқа тартылған. Жөндеуді қарашаның 30-ында аяқтамақ.

Одан әрі БАҚ өкілдері Жамбыл ауылына жол тартып, келесі жылы 175 жылдығы атап өтілетін Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне барды. Кесенеде ақын рухына құран бағышталды. Музей меңгерушісі Салтанат Жамбылова ондағы жәдігерлермен таныстырса, Жамбыл селолық округінің әкімі Данияр Мантаев ақын атындағы ауыл туралы ақпарат берді. Талдықорғаннан келген қонақтар музей ауласындағы ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-мазарына да тәу етті. Одан соң Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай саябағына аз-кем аялдап, айтыс өнерінің алтын діңгегі атанған жыр сүлейінің 200 жылдығына орай салынған тамаша мәдени-демалыс орнына көз сүйсінтті. Сапарымыз ауылдың тау жағындағы «Табыс» шаруа қожалығының сүт-тауарлы кешенінде жалғасты.

Мұнда аталған қожалықтың иесі Талғат Естібеков шаруа жайымен таныстырды. 600 басқа арналған сүт-тауарлы ферма 2015 жылы іске қосылған. Жобаның жалпы құны – 1 млрд.780 млн.теңге. Оның ішінде, өз қаражаты 280 млн.теңге, «Қазагроқаржы» АҚ арқылы – 1 млрд.500 млн.теңге алынған.

Бүгінде мұнда 56 адам жұмыс істейді, науқан кездерінде қосымша жұмыс күші тартылады. Орташа жалақылары 100 мың теңгеден жоғары. Сиырлар арнайы орында компьютермен басқарылатын шетелдік аппаратпен автоматты түрде сауылады. Онда қатарынан 32 сиырдан бір мезетте сүт алынады. Әр сиыр күніне 20-22 литрден сүт береді. Сүт «Райымбек-Агро» ЖШС сүт зауытына өткізіледі. Одан өзіміз дүкен сөрелерінен көріп жүрген «Айналайын» сүті әзірленеді. Өткен жылы фермада 2780 тонна сүт өндірілсе, биылғы тоғыз айда 1470 тонна сүт шыққан. Арпа, жүгері, жоңышқа егіп, қажетті мал азығын қожалық өзі дайындайды. Осындағы машина паркінде қажетті техникалар сап түзеп тұр. Шаруашылықтың иелігіндегі техника мынадай: 14 трактор, 5 комбайн, 1 тиегіш, 5 тіркеме, 6 соқа, 2 тырма, 3 шөп шапқыш, 4 шөп тайлағыш, 1 «Камаз»көлігі тіркемесімен.

Осы Қарақыстақтың батыс жағындағы егістіктің шетінде қаз-қатар тізіліп тұрған «К-700» және соған ұқсас маркалы алып тракторлардың тұсына тоқтаған тілшілерді ауылшаруашылығы мамандары мен дала еңбеккерлері қарсы алды. Бұл осындағы «Сүйінбай» шаруа қожалығына тиесілі жер. Техникалар да соған тән. Жер жырту жұмысын аяқтаған сәтке дәл келіппіз. Дала төсінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанғали Базарбаев сала бойынша мәлімет берді. Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда ауыл шаруашылығында 60 млрд.теңгеден астам қаржының өнімі өндірілді. Биылға барлығы 103 244 гектар жерге әр түрлі ауыл шаруашылық дақылдары себілген.

Егін шаруашылығында 48216 гектар егістіктен 114 711 тонна астық, оның ішінде 31100 тонна бидай, 79500 тонна арпа жиналды. Сондай-ақ, 700 тонна сұлы, 2850 тонна жүгері, 3990 тонна майбұршақ, 32400 тонна картоп, 31300 тонна көкөніс, 12100 тонна бақша өнімдері алынды. Қысқы мал азығына 187 800 тонна шөп, 67500 тонна сабан, 34700 тонна жем, 25000 тонна сүрлем дайындалды. Маусымаралық уақытта Алматы қаласы мен аудан халқын көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 11 гектар құрайтын 8 жылыжай жұмыс істеп, жыл бойы 1273 тонна өнім өндірілді.

Басқа аудандармен салыстырғанда, жылқы, қой-ешкі және ірі қара саны жағынан ең көп аудан осы Жамбыл ауданы. Мұнда 121 527 бас ірі қара, 801 715 бас қой-ешкі, 37 227 бас жылқы, 1 775 бас түйе, 533 822 бас құс бар. Ауданда 15 151 тонна ет, 36 563 тонна сүт, 89 млн. 964 мың жұмыртқа өндіріліп, өткен жылғыдан асыра орындалды.

Ендігі бағытымыз – сонау Суықтөбе тауының етегіндегі Сұраншы батыр ауылы. Бұған дейін оған Аққайнар ауылы арқылы баратын болса, енді Қарақыстақтан төте жол тартылыпты. Жаңалықтың үлкеніде осы болды. Жол болғанда қандай! Тақтайдай тегіс. Қолданысқа берілген күніне дөп келгенімізді айтқан аудан басшысы Бағдат Байшалұлы мұны жақсылыққа жорып жатыр. «Осы жолмен бірінші болып, міне, сіздер, журналистер жүрдіңіздер. Жолымыз сіздердің ниеттеріңіздей ақ болсын», - дейді ырымдап. Жеті шақырымдық Қарақыстақ – Сұраншы батыр жолымен жүрген жолаушы бұрынғы айналма жолға қарағанда сапарын бес шақырымға қысқартады екен. Жолдың екі жағын жағалай ағаштың жас көшеттері отырғызылған.

Жаңа жолдың бойында бізді осы саланың мамандары күтіп алып, тілшілер алдында аудандық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Алмас Данияров ақпарат айтты. Оның сөзінше, аудандағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1903 шақырым. Оның 331 шақырымы республикалық, 581,6 шақырымы облыстық, 79 шақырымы аудандық маңыздағы болса, 911,7 шақырымы ауылішілік жолдар. Биылғы жылы жолдарды орта және ағымдағы жөндеуге 1 761,0 млн.теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жаңақұрылыс, Қайназар, Ұзынағаш елдімекендерінің көшелерін орта жөндеуге жалпы сомасы 976,9 млн.теңге бөлінген. Жергілікті бюджеттен Айдарлы ауылының 1,38 шақырымдық көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 48,2млн.теңге, Аққайнар ауылының 3,76 шақырым көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына 95,6 млн.теңге, Тарғап ауылының 4,05 шақырым көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына 102,1 млн.теңге бөлініп, бүгінгі таңда жұмыстар аяқталды. Қарғалы ауылының Қарасай батыр көшесін жөндеу жұмыстарына 31,0 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа жолмен Сұраншы батыр ауылына жете бере «Әл Ауқат Мейіржан» ЖШС-нің 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңына аялдадық. Кәсіпорын 2015 жылы іске қосылып, 2017 жылдан мал бордақылаумен айналысады. Басшысы – Асқар Райқұлов. Жобаның құны 450 млн.теңге – кәсіпкердің өз қаражаты. Үш жылдың ішінде кеңейту жұмыстарына 150 млн.теңге өз қаражаты жұмсалыпты. 14 адам тұрақты жұмыс істесе, 22 адам уақытша жұмыста. Орташа еңбекақылары 100 мың теңге. Мал азығын дайындау үшін осында 42 гектар егістік, Бозой мен Үңгіртас ауылдарында жайылымдық жерлері бар. Осыннан өткен жылы 717 тонна ет өткізілсе, биыл 283 тонна ет өндіріліпті.

Интенсивті технология қолдана отырып, 11 гектар жерге таңқурай өсіріп отырған «Crimson Field» ЖШС сол маңда орналасқан. Кәсіпорын 2018 жылы іске қосылған. Жобаның жалпы құны – 150 млн.теңге. Мұнда 8 адам тұрақты жұмыс істейді, ал жиын-терім кезінде жұмысшылар саны 30-ға дейін артады. Орташа еңбекақылары 80 мың теңге. Алқаптан 40-45 тонна өнім алыныпты. Тамшылатып суару жабдықтары израилдік технология. Таңқурай көшеттері 2018 жылы Англиядан әкелінген. Осында оның жаздық және күздік 7 сорты өнім береді. Қазір өнім жинау аяқталып, қысқа дайындық жасалуда. Өнім басқа облыстарға да жөнелтіліп, экспортқа да шығарылады. Өткен жылы «Қазагроқаржы» АҚ арқылы жаңа техникалар алыныпты. Биыл лизингке тоңазытқыш камера, тиегіш машина алды.

Сұраншы батыр ауылына кіреберісте қарағай көшеттерін егіп жатқан жандарды көріп, қасына бардық. Аудан әкімі мен тілшілер өз қолдарымен бір-бір түптен отырғызды. Қарағай елді мекеннің шетін айналдыра егіліп келеді. Осы ауылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Мәдениет үйінде, балабақша ғимаратында болдық. Онда аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Әкеғұлов құрылыс барысынан әңгіме тарқатса, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Бәкірова білім саласының жұмысынан жан-жақты хабардар етті.

Одан Саурық батыр ауылына келіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша құрылысы қызу жүріп жатқан ауызсумен жабдықтау жүйесінің жұмысын көрдік. Тілшілерге мұнда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Жұртшиев атқарылып жатқан ауқымды істерден ақпарат берді. Бұл ауылдың ауыз су жүйесін күрделі жөндеуге 268,9 млн.теңге қаражат бөлінген. Тілшілер сондай-ақ Ұзынағаш ауылындағы Нұрай шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын көпқабатты тұрғын үйдің жобасымен, Қасымбек ауылындағы орта мектептің 300 орынды мәжіліс залы, спорт залы және асхана жапсаржайының құрылысымен танысты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан