АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ОНКОЛОГИЯ БОЙЫНША АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1064
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық көпсалалы клиникада тұрғындарды тегін емдеу мақсатында Ашық есік күні өтті. Жұртшылықты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының өкілдері мен өңіріміздегі дәрігерлер қарады. Шараға аймақ басшысының орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты.

Жиында сөз алған облыстық көпсалалы клиника директоры Данияр Оралбаев:

– Бүгін онкогинекология және онкомаммология бөлімшелерінің меңгерушілері консультация жасайды. Сонымен қатар, тегін тексерулер жүргізеді. Жалпы білікті жеті маман қызмет көрсетеді. Оның екеуі Алматыдан келген дәрігер, – дей келе, болашақта әр әйел 30-дан асқан соң ауырмаса да, жылына бір рет маммолог және гинекологқа келіп тексерілуі керектігін айтты.

Емханаға келген жандар маммография, ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, гинекологтардың кеңесін алды. Сонымен қатар, онкологиялық ауруға күдігі барларға КТА мен МРТ түсіруге тегін жолдама берді. Ақ халатты абзал жандар небәрі екі сағаттың ішінде 50 адамды қабылдады. Айта кетейік, облыста қатерлі ісікке шалдыққандардың саны 15 мыңнан асқан. Аурудың алдын алу үшін дәрігерлер жиі тексерістен өту керектігін алға тартты.

Шара барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра Қайдарова 30-дан астам білікті онкологы бар мекемеде мамандар жеткілікті екендігін айтып, олардың жұмыстарына ризашылығын білдірді.

– Мекемеде кадр тапшылығы жоқ, білікті мамандар жеткілікті. Бірақ кеңес кезінде салынған емхананың әбден тозығы жеткен. Онкологиялық орталықты жаңарту қажет. Техникалық базамен қамтылған төрт қабатты орталық салуды ұсынамыз. Науқастардың сәулелік терапия алуына жақсы жағдай жасауымыз керек, – деді Диляра Радикқызы.

Маманның ұсынысын тыңдаған  Батыржан Құлаймергенұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасына  ғимарат құрылысы жобасының жоспарын көрсету керектігін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.

Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары «Жанұя» орталығына барып, халықпен кездесу өткізді. Әр апта сайын өтетін шараға көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жалпы 33 тұрғын келді. Жиында тұрғын үй кезегі, көмір, мектеп формасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көшеде жүріп-тұруы сынды бірқатар мәселелер көтерілді. Тұрғындардың өтінішін тыңдаған Батыржан Байжұманов көтерілген мәселер бойынша тұшымды жауап беріп, алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы