АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРҚАТАР НЫСАННЫҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫ ҚЫСҚАРДЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1188
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында карантин режимі қайтадан күшейтілді. Бұл туралы ақпаратты Алматы облысының тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев баспасөз мәслихатында айтты.

Облыс аумағында коронавирус індеті таралуының алдын алу үшін шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша қоғамдық көлік жұмыстарының уақыты қысқарды.

Облыс қалалары мен аудандарының әкімдері, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық және медициналық бетперде режимін сақтай отырып, қоғамдық көліктегі адам санының артық болмауын басты назарға алды. Адамдарды қоғамдық көлікпен тасымалдау қызметі таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін және кешкі 17.00-ден 20.00-ге дейін 5 минуттан аспайтын рейсаралық интервалмен, қарбалас уақытта көлік санын арттырып, жүйелі жұмыс атқарады.

– Әлем елдері карантин режимін күшейтіп жатыр. Індеттің асқынып кетпеуі үшін облыс аумағында да қатаң карантиндік шаралар туралы Қаулы жарияланды. Енді немқұрайдылыққа жол бермеуіміз керек. Қазақстан Республикасы мен облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларын сақтау бойынша рейдтік тексерулер жүргізу жөніндегі мониторингтік топтар жұмысын күшейтті. Карантиндік және шектеу шараларын сақтамаған жағдайда, заңбұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде дереу шаралар қабылдайды. Мұндай қатаң жұмыс аурудың асқынбауы үшін өте маңызды екенін бәріміз де түсінуіміз керек. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында 4 адамнан «Covid-19» дерті анықталды. Оның екеуі Ресей Федерациясынан келген. Қазіргі таңда науқастар ем алуда, – деді Асхат Сәкенұлы.

Басқосуда жаңа қаулыға сәйкес, көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым сала отырып, діни бірлестіктер объектілеріне жұмыс күндері және демалыс күндері келушілер саны 30 пайыздан аспау керектігі айтылды. Қоғамдық тамақтану объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) орналасқан жеріне қарамастан, үй-жай ішінде күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтаумен, жұмыс және демалыс күндері жұмыс кестесін белгілей отырып, сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейтін болады. Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады.

Қысқасы, сақтық шараларын сақтап, карантиндік шектеулерге бағынып, індетпен күресуде әр адам жауапкершілікті сезінуі керек. Ең бастысы – өзімізге, жақынымызға жанашыр болайық!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан