АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛКОГОЛЬ МЕН ТЕМЕКІНІҢ ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1163
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Jetisy`media" алаңында Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен «Алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымына қарсы күрес» және «Жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Спикер, Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Айдын Сауданбеков заңсыз алкоголь өнімін және құрамында спирті бар сұйықтықты анықтау жөніндегі жұмыс нәтижелері туралы, сондай-ақ, салықтық рақымшылық мүмкіндіктері жайында түсіндіріп берді.

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті алкоголь, темекі өнімдері мен мұнай өнімдерінің заңсыз өндірісі мен айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде тексеру іс-шараларын жүргізеді. Осы бағыт бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу үшін бірнеше мекемемен, экономикалық тергеу және полиция департаменттерімен іс-шара жоспары бекітілген.

Алматы облысының аумағында 5 литрлік пластикалық бөтелкелерде немесе "колхозка" деп аталатын құрамында спирті бар сұйықтықтың саудасына ерекше назар аударылады.

Ағымдағы жылдың өткен 10 айында мемлекеттік кірістер органдары 80 тексеру жүргізді, олардың нәтижелері бойынша облыстың барлық аумағында алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымы анықталды. Онда заңсыз айналымнан 29 089 литр өнім, оның ішінде, 15 172 литр құрамында спирті бар сұйықтық және 13 920 алкоголь өнімі тәркіленді. Осы фактілер бойынша тексеру материалдары сот органдарына қарауға берілді, барлық салық төлеушілер бойынша 1 млн.235 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, алкоголь өнімі мен құрамында спирті бар сұйықтықты тәркілеу туралы сот қаулылары шығарылды.

Алкоголь өнімінен басқа 10 айда 34,0 мыңнан астам темекі өнімі және 418 тонна мұнай өнімі анықталып, айналымнан алынды.

Мәселен, Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп тексеру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы-Бішкек тас жолында жалпы көлемі 13 тонна құрамында спирті бар сұйықтық қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз тасымалдап келе жатқан автокөлік құралдары (бензин тасушылар) ұсталды. Сонымен қатар, тексеру жүргізу барысында Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы-Қапшағай тас жолында Талдықорған қаласына 1000 дана көлемінде 5 литрлік пластикалық бөтелкесі бар, құрамында 5 000 литр спирті бар сұйықтық болған "Mercedes" маркалы жүк көлігі тоқтатылды.

Іле ауданында тексеру іс-шараларын жүргізу барысында рұқсат құжаттарынсыз 18 тоннадан астам мұнай өнімдерін сату фактісі анықталды. Дәл осыған ұқсас жағдайлар Іле ауданында (500 литрден астам спирті бар сұйықтық, 21,9 мың дана темекі), Талғар ауданында (1,1 мың литрден астам алкоголь өнімі мен 2,0 мың дана темекі), Еңбекшіқазақ ауданында (1,0 мың литрден астам алкоголь өнімі және 10,0 мың дана темекі) да кездесіп, тәркіленді.

Алкоголь өнімінің және құрамында спирті бар сұйықтықтың заңсыз айналымы мемлекетке және алкоголь өнімінің айналымын заңды жүзеге асыратын бизнестің субъектілеріне елеулі залал келтіреді.

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті брифингте тұрғындар қаперіне мынадай мәселені де назарды ұстауды өтінді: Ол - салықтық рақымшылық. Бұл жеңілдік 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Салық бойынша негізгі қарызын өтеген азаматтардың жинақталған өсімпұлдары есептен шығарылады. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Осы уақытқа дейін 22 918 жеке тұлғаның негізгі берешек сомасы 312,1 млн.теңгені төлеуіне байланысты 43,2 млн.теңге өсімпұл сомасы есептен шығарылды.

Салықтық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметті ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты арқылы немесе «eSalyq mobile» (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

2020 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Барлық сұрақтар бойынша 8/7282/601197 немесе 1414 Call-орталығына қоңырау шалуыңызға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"