ЖУРНАЛИСТЕР ЕЛ БОЙЫНША ЕҢ ҰЗЫН КӨШЕСІ БАР ШАҺАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 24.10.2020
Оқылды: 1378
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісудың жауһары саналатын Текелі қаласы – қойнауы қазынаға толы, өнеркәсібі өркендеген, үш өзеннің түйісер тұсы ретінде су электр энергиясын өндіру бойынша көшілгері шаһар. Бәрінен бұрын ең ұзын көшесі, көз тартар табиғаты арқылы ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге әйгілі мекен. Күн сайын дамылсыз дамып, тотытай түрленген Текелінің бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында пресс-тур өтті.

«Jetіsý Media» ұйымдастырған шарада қала әкімі Батыр Молдахметов өзі бастап, журналистерді атқарылып жатқан іргелі істермен таныстырды. Ең алдымен 6 шақырымдық 6 көшесі толық күрделі жөндеуден өткен «Достық» шағынауданына бардық. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобаға 688 миллион 340 мың теңге бөлінген. Күрделі жөндеуді «Нұр Шапағат Құрылыс» ЖШС жүргізіп, онда қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 32 адам жұмыспен қамтылған. Көшеге төселген тас жол есік алдына дейін жеткен шағын ауданның тұрғыны Амангелді Дәрібаев ризашылығын білдірді.

- Арық ішіне жабын орналытылды, канализация тартылды. Әкімдікке, мердігер компания басшылығына барлық тұрғынның атынан рахмет айтамыз. Қыруар жұмыс істелді. Неше жылдан бері аңсап отырған адамдардың арманы орындалды десек те болады, – деген ол Текелінің өсіп-өркендей беруін тіледі.

Келесі кезекте медициналық қорғаныс құралдарын өндіретін «ТЕХНО АВИА ГРУП» тігін цехына бас сұқтық. Биыл ашылған цех бір реттік бетперде, халат, жұмысқа киетін, тұтастырылып тігілетін бешпент-шалбар тігеді. Айына 400 мың медициналық бетберде әзірлейтін мекемеде 70 адам қызмет етуде. Жоба құны 19 миллион теңгені құрайы. Жұмысшыларды үйінен алып кету, жеткізіп тастау, тегін тағаммен қамту секілді жағдайлар жасалған.

Ал шаһардың шырайын кіргізіп, күн энергиясынан қуат алатын шамдар Қора өзенінің жағалауын жарық қылып тұр. Бұл жоба да «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып, 20 миллион 776 мың теңге бөлінген. «Т-Строй-Проект» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп, жағалауға 67 жарық шамдарын қойған. Сонымен қатар, биыл қала бойынша 22 балалар ойын алаңы және 6 «Workout» алаңдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 287,5 мың теңгеге балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарын «Golden City» ЖШС жүргізсе, 21 миллион 248 мың теңгеге «Workout» алаңы құрылысын «Қалым» ЖК жүргізген.

Журналистер қауымы Жеңіс көшесіндегі спорт алаңдарына барып, балалардың салауатты өмір салтына куә болды. Ол дегеніміз жастардың бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар жас өркендерді спортқа баулуға жол ашады.

Пресс-турға қатысушылармен қатар 58 мемлекеттік қызмет түрін көрсететін Сервистік әкімдік жұмысымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев арнайы келіп, танысты. Қызмет алушылармен тілдесіп, келешекте мемлекеттік бағдарламаларды көрететін экран орнату жайлы ұсынысын жеткізді. «Жетісу – адалдық алаңы» жобасын аясында ашылған Сервистік әкімдікте 6 бөлім бар. Олар жұмыспен қамту, жер, білім, тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді қызметтер ұсынады. Облыс бойынша дәл осындай 15 сервистік әкімдік ашылып, халықтың әр түрлі мәселесін шешуге сеп болуда.

Текелілікер үшін тағы бір қуанышты жайт – орталық саябақтағы Амфитеатрдың құрылысы. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа сыйымдылығы 228 орынды құрайтын амфитеатрды салуға 25 адам қызмет етіп, 3 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 97 пайызы аяқталып, әні-міне дегенше пайдалануға берілмекші.

Пресс-тур барысына Батыр Қайыркенұлы Текелідегі ауыз толтырып айтар жүйелі жұмыстарды тілге тиек етіп, моноқаланы дамытудың жоспарымен таныстырды.

- Өздеріңіз көргендей, «Жұмыспен қамту  жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында нәтижелі жетістікке қол жеткіздік. Бүгінде 14 жоба жүзеге асырылуда. Оларға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,6 миллиард теңгені құрайды. Тәуелсіздік пен бақылау алаңдарына Тутұғыр орнату, алаң айналасын абаттандыру, Қонаев көшесінің «Достық» шағынауданындағы теміржол өткелінен қаланың кіреберісіне дейінгі бөлігінде жаяу жүргіншілер жолы мен арық желілерін, Рудничный ауылы көшелерінің жаяу жүргіншілер жолын, Текелі қаласының аумағын кеңейте отырып, қалалық зираттың аумағын күрделі жөндеу және Қора өзенінің жағалауына шамдар орнатуды қолға алдық. Бүгін соның біршамасын көрдіңіздер, – деп осындай жобалар әрмен қарай жалғасын табатынын айтты.

Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметовтың сөзінше, туризм бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Талдықорғанға жақын орналасқан моноқалаға демалушылар қысы-жазы еркін келіп, заман ағымына сай демалыс кешендерінде сергіп қайтуы үшін бірқатар жоба қарастырылған. Біз де қаланың дамуы үшін күндіз-түні тер төгіп жүрген жандардың жұмысына сәттілік тілеп тарқастық.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Текелі қаласы

Алматы облысы