РЕСПУБЛИКАНЫҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРІНДЕ КОВИД-19 КӨРСЕТКІШІ ӨСІП БАРАДЫ

Уақыты: 27.10.2020
Оқылды: 856
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның жиыны өткізілді. Селекторлық жиын коронавирустың алдын алу, індеттің таралуына тосқауыл жасау мәселесіне арналды. Жиынға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Селекторда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сөз алып, елдегі пандемияға байланысты жағдайды баяндады.

– 26 қазандағы мәлімет бойынша, елде 110 мың 542 адам коронавирус індетімен тіркелді. Соңғы тәулікте 140 адам ауру белгісімен емдеу мекемелеріне жеткізілді. Бұл орайда Шығыс Қазақстан облысы сары аймаққа жатқызылды. Қалғандары жасыл аймақтың қатарын құрап тұр. Қызыл аймақ тіркелмеді. Дегенмен де, республиканың барлық өңірінде сырқатқа шалдығушылар саны артып келеді. Жергілікті жерлерде коронавирустың таралуының алдын алу шаралары жасалуда. Мейрамхана, дәмханаларда той-думан өткізбеу, жұмыс уақыттарын шектеу, қоғамдық көлік қатынастарын азайту, кеселдің белгісі байқалғандарды тексеру шаралары күшейтілді, – деді ол.

Балалардың індетке шалдығуының мониторингі жасалуда. Жыл басынан бері 297 оқушы кеселді жұқтырған. Олардың көбі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Денсаулық сақтау министрі жергілікті басшылардан жабық мекемелерде санитарлық шараларды күшейтуді өтінді. Сондай-ақ, А.Цой әлеуметтік қорғалуды қажет ететін Қарттар үйі, мүгедек балалар мекемесі, интернаттардағы жағдайды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, коронавирустың алдын алу мақсатында емдеу мекемелеріне тексеру жүргізілген. Санитарлық-эпидемиялық режимді сақтау, жеке бас қорғаныс заттарын пайдалану, антисептиктерді қолдану барысында кемшіліктер орын алған. Қаулы талаптарын орындамау деректері Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Павлодар, Маңғыстау облыстарында кездескен.

Аудандардағы мекемелерге сырқатты жылдам анықтау үшін 53 рентген-аппарат қойылған. Бүгінде ел бойынша жылжымалы медициналық кешендер сатып алынуда. Барлығы 100 кешен алынуы керек болса, соның 90-ы шалғай елді мекендерге жіберілген. Сондай-ақ, «Жедел жәрдем» көліктерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 280 санитарлық көлік қажет аудандарға жеткізілген. Алдағы уақытта 525 көлік жергілікті жерлерге жіберілмекші.

Егер жағдай тұрақты болса, қараша айының басында мешіт пен театрлар жұмысы толық режимге көшеді. Бірақ арнайы санитарлық талаптар күші жойылмайды. Аталған нысандардағы адам саны белгілі мөлшерден аспауы тиіс. Егер індет тарамаса, жасыл аймақтағы қалалар мен ауылдарда шектеулі санмен балаларды мектепте оқытуға рұқсат беріледі.

Жалпы, ел бойынша қазіргі уақытта 13 аймақтың 10-ында модульдік жұқпалы ауруханалардың құрылысы аяқталған, қалған 3 нысан осы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Министрдің айтуынша, зертханалар саны 124-ке дейін көбейіп, тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жетті. Бұл ретте тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайтылып, ПТР-тест сынамаларын алу құны төмендетілді. Министр сөзінің соңында сауда орындары, адам көп жүретін жерлерді бақылауда ұстауды бәсеңсітпеуді тапсырды.

Селекторлық жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов жауапты басшыларға карантиндік шараны қатаң сақтау жөнінде тапсырма берді. Мейрамханалар мен дәмханаларда той-томалақ өткізу қаулы талаптарына сай болуы керектігін айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы