БІР САҒАТТА БЕС ТҮРЛІ ТАҒАМ ДАЯРЛАНАТЫН АСПАЗДЫҚ ТЕХНИКА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 1641
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қырық жылдан астам тарихы бар Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық колледжінде «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Аспаз» біліктілігі бойынша Worldskills құзыреттілік орталығы ашылды. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ, облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, іргелес аудандардағы колледждердің директорлары мен оқытушылары, шеберлер қатысты.

Құзыреттілік орталығының ашылу салтанатында 2019-2020 жылдары халықаралық көрмеде таныстырылған, Қазақстанға алғаш жеткізілген аспаздық жабдықтардың тұсаукесері өткізілді. Озық үлгідегі заманауи жабдықтың түрлері мен мүмкіндіктерін «Экобер» компаниясының бас аспазы Әлішер Пірназаров таныстырды.

Ол өз сөзінде заманауи жабдықтардың әлі күнге дейін Еуропа елдерінде қолданысқа берілмегендігін, Қазақстанда алғаш рет осы колледждің базасындағы құзыреттілік орталығына орналастырылғанын айрықша атап өтті. «Жас маман» жобасы аясында қаржыландырылып отырған жабдықтың жалпы құны 348 320 000 теңгені құрайды. Бұл құзыреттілік орталығы «Аспаз ісі» біліктілігі бойынша Worldskills ұлттық чемпионатын өткізуге мүмкіндік беруде.

– «Жас маман» жобасын жүзеге асыру үшін  республикалық бюджеттен биылға облыстағы 5 колледжге 1,6 млрд.теңге қаражат бөлінді. Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжіне 350 млн.теңге бөлінген болатын, өте сапалы игерілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Али. – Швецияның лицензиясымен Италияда жасалған заманауи аспаздық техника алынып, орнатылды. Өте керемет техника. 100 адамды 1 сағаттың ішінде бес түрлі тағаммен қамтамасыз ете алатындығымен ерекшеленеді. Бұған қоса, осы техниканың толық қуаттылығын қолданатын болса, бір күнде 7 мың адамға аспаздық қызмет көрсетуге қауқарлы екендігін бас аспаз айтты. «Жас маман» бағдарламасы республиканың қолдауымен келер жылы да жалғасатын болады. Алдағы жылғы жоспарда 6 колледж тұр. Оларға республикалық бюджеттен 2 млрд.-қа жуық қаржы жоспарланып отыр. Әрине, бұл, ең біріншіден, жас мамандарымыздың халықаралық деңгейде өсіп, қалыптасуына өте үлкен үлесін тигізетін болады. Келесі жылы Шанхайда әлем біріншілігі болады. Оған осы колледждің үздіктері қатысады деп күтілуде. Біздің бұл колледж халықаралық Worldskills ұйымымен тығыз байланыста және облыстың ғана емес, республиканың бірден-бір мақтанышы саналады. Себебі, колледждің талантты тәлімгерлері жылда халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, жүлдегерлері атанып, ел мерейін асыруда.

Рустам Әлиұлы шара аясында колледждің құзыреттілік орталығының ашылуына қатысушыларды құттықтап, шәкірттерге жаңа белестерді бағындыруда сәттілік тіледі.

- Оқу орнымыздың жетістігі – сапаға баса көңіл бөлуімізде деп ойлаймын. Студент бітіргеннен кейін өмірдегі өз орнын тауып, қоғаммен қатар, жеке басына пайдасы тиетін азамат болып қалыптасуы міндетті. Сондықтан, бүгінгі күнге халықаралық деңгейде жоғары орындарға қол жеткізіп жатырмыз. Колледжден 5 әлем чемпионы дайындалды. Аспаз бойынша ұлттық чемпионатта жеңімпаз болдық. ТМД елдері арасындағы байқауда алтын медаль иеленсек, енді алдағы жылы Шанхайда өтетін халықаралық байқауға дайындалудамыз. Соған сай сапалы білім берумен қатар, жақсы маман иесі болуға баулып жатырмыз, – дейді аталған колледждің директоры, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Болат Еркенов.

Ең бастысы, экологиялық табиғи таза тағаммен қамтамасыз етуді діттеген оқу орнының қарамағында мал бордақылау алаңының құрылысы салынған. Сонымен қатар, жалға жер алып, онда картоп пен көкөніс түрлері өсірілетіндігін атай кетті. Өнімді сақтайтын арнайы қойма да бар. Мұның барлығы колледж студенттерінің жан-жақты дамуына, сондай-ақ, тұтынушыны таза табиғи тағаммен қамтамасыз етуге ықпалы тиетіндігін тілге тиек етті.

Жаңадан ашылған құзыреттілік орталығы аталған оқу орнында халықаралық деңгейдегі сапалы, білікті мамандардың, аспаздардың даярланып шығуына кепілдік бермек. Бұған колледждің 3-курс студенттері, бесаспап аспаз атанған Диас Асылбек пен Әли Ермек те ерекше қуанышты екендіктерін бөлісті.

- Менің тігіншілікті меңгеруіме әкемнің әсері зор болды. Ол кісі қара жұмыстан гөрі тігін тігіп, елге қызмет етудің және өз-өзімізді асыраудың тура жолы екендігін санамызға сіңірді. Қазір осы мамандықты меңгергенімізге еш өкпеміз жоқ, қайта шеберлігім шыңдалып, атақты сәнгер ер-азаматтардың қатарына қосылуға күш салып келемін, – дейді бізге ағынан жарылған тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу факультетінің 3-курс студенті Сәбит Тәжіков. Мұнда Сәбиттің сыңары Сәбира да осы мамандық бойынша білім алып, кәсіби тігінші болуға бел буған.

Халықаралық байқаулардан бағы жанып жүрген жас мамандарды оқытып-тәрбиелеудің озық үлгісін көрсете білген колледждің іргесінен алдағы 2021 жылы заманауи қонақүй үлгісіндегі жатақхана салынатындығын құлағдар еткен Болат Есмұратұлы мұндай жағымды жаңалықтардың жалғаса беретіндігін айрықша атап айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Алматы қаласы