ТӘҢІРТАУДЫҢ ТАМЫРЫНА ҚАН ЖҮРДІ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ НАРЫНҚОЛҒА БАРДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қасиетті жұма күні Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жұмыс сапарымен Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылына келді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сөз орайында айта кеткен орынды, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен батыр бабамыз Райымбектің атындағы ауданның қайта қалпына келгеніне биыл үшінші жылға аяқ басты. Оған негіз қалаған облыс әкімінің өзі.

Міне, содан бері ауданның орталығы Нарынқол ауылының өңі кірді. Жүзі жарқырады. Тамырына қан жүгірді. Екі жылдың ауқымында қыруар жұмыс атқарылды. Нарынқолда үлкен құрылыстар жүрді. Нәрлі нәтижесі жаман емес. Аз уақытта аудандық әкімдіктің ғимаратынан бастап бірнеше нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, мемлекеттік қызметкерлердің, бюджеттік мекемелердегі мамандардың игілігіне айналды. Жиырма тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның қуанышына облыс әкімінің өзі ортақтасып, ізгі тілегін білдіре аттанған еді.

Райымбек ауданында 11 ауылдық округ, 20 елдімекен бар. Қырық мыңнан аса халқы салт-дәстүрі сүттей ұйыған қонақжай қалпында, береке-бірліктері, жарасымды тірліктерімен өмір сүруде. Биылғы жылғы жақсылықтары да көңіл төрін нұрландыра түседі.

Облыс әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданына сапары кезінде Нарынқол ауылының тау жағынан салынып, құрылыс жұмысы толығымен біткен 33 үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды.

- Құрметті көпшілік! Міне, бүгін Райымбектей батыр бабамыздың атындағы ауданның орталығынан 33 тұрғын үйдің кілтін тапсыру қуанышына арнайы келдім. Бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Қандай керемет! Егер Елбасы Н.Назарбаев ауданды қайта қалпына келтіру жөнінде Жарлық шығармаса, қандай болар еді? Сондықтан, жүрекжарды алғыстарыңызды алдымен Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне айтыңыздар. Нарынқол ауылы тұрғындарының өтініш, тілектерін Елбасыға жеткізіп жүріп, аудан қалпына келді. Қайта құрылғанына, міне, үшінші жылға аяқ басып барады. Бір жылдың өзінде 18 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бір ауданға мұндай қаражат бұрын-соңды болған емес. Екі жылдың ауқымында көптеген жұмыс жасалды. Игілікті істер атқарылды. Өз тұсындағы аудандық әкімдіктің ғимаратынан бастап, бірнеше нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, осында жұмыс істеп жатқан мамандарға үлкен мүмкіндік туғызды. Нарынқол ауылы ғана емес осы өңірдегі ауылдардың да жағдайы жақсарып келеді. Биылдың өзінде 3 мектеп, 2 дәрігерлік шаңырақ күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңадан екі дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Жолдар, ауызсу ретке келтірілуде. Нарынқол ауылынан спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Біз аудан құрылған жылы тиісті қаражат бөліп, Нидерландыдан картоптың супер-элиталық берері көп сортын алдырттық. Картоп өсіруге қажетті трактор, техникалармен қамтамасыз еттік. Екі сервистік орталық аштық. Соның нәтижесінде ауданда картоп өсірудің жайы жақсарды. Картоптың әр гектарынан 300 центнерден өнім алынды. Биылдың өзінде 6 мың гектар жерге картоп отырғызылып, мол өнім алуға қол жеткізілді. Аудан ашылғалы сырттан кәсіпкерлер, бизнесмендер келіп жұмыс жасауда. Түрлі жұмыс орындары ашылуда. Мұның бәрі жақсылық. Нарынқол өңірі болашақта туризмнің де Отаны болатыны анық. Келесі жылы аудан орталығынан заманауи емхана құрылысы басталатын болады. Оның жобасы жасалды. Сонымен қатар, аудандық аураухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Өздеріңіз жақсы білесіздер, келесі жылы ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Мен 80 жылдығы тұсында Қарасаз ауылында бір ай жұмыс істегенім бар. Қазір барлық жағдай бар. Ақын тойы назарымызда болады. Аудан орталығынан Мұқағалиға бір ескерткіш тұрғызу жөнінде ұсыныс жасалуда. Өте орынды. Алла қаласа, алдағы жылғы шілде айында ақын ескерткіші ашылатын болады. Бүгінгі қоныстойы, қоныс қуанышы ұзағынан сүйіндірсін! Баршаңызға мықты денсаулық, жақсылық тілеймін! Әрдайым қуанышта жүздесейік! - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Қоныс қуанышында Нарынқол ауылының ақсақалы Медетхан Абиров, жаңадан үйлі болған аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Талғат Ақылов, аудандық орталық аурухананың дәрігері Құралай Бурабаева сөз алып, облыс әкіміне алғыстарын айтты. Бұл жолғы заманға лайық салынған, сәнді де сәулетті, барлық жағдайы жасалған 3 бөлмелі тұрғын үйлер ауылдағы көпбалалы отбасыларына берілді.

Бұл орайда Эльмира Байбек, Жұлдыз Шакенова секілді қоныс қуанышына ие болған көпбалалы аналарды айтуға болады. Осы күні тұрғын үй шаттығына аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер де қол жеткізді. Облыс әкімі тұрғын үйлі болған аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Сүлейменовтің және аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Талғат Малтақбаевтың үйіне кіріп, ізгі тілегін білдіріп, теледидар сыйға тартты.

Жалпы, күн өткен сайын көркіне көрік, сәулетіне сәулет қосып, ажарланып келе жатқан Нарынқол ауылында жалпы 1 және 2 кезеңдер бойынша 83 тұрғын үй салынып жатыр. Соның алғашқы кезеңіндегі 33 үй ел игілігіне айналды. Тұрғын үйдің құрылысын «Фуд МС» ЖШС құрылысшылары өз мерзімінде сапалы аяқтап шықты.

Бұдан кейін облыс әкімі тұрғын үйлердің жанына бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Оның жұмысымен «Фуд МС» ЖШС диркеторы С.Құсайынов таныстырды. Әкім алдағы уақытта спорт кешенінің ашылуына келетінін айтып, тиісті ескертулерін жасады. Ауыл спортын дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуге арналған спорт кешені Нарынқолдың шырайын аша түсті десек, артық айтпаймыз.

Нысанға 1 миллиард теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда құрылыстың 60 пайыз жұмыстары аяқталды. Спорт кешенінде шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, күреспен, бокспен, гандболмен тағы да басқа спорт түрлерімен айналысатын жарық да жайлы бөлмелер қарастырылған. Күн сайын екі жүзге тарта адам спорттың жүрек қалаған кез-келген түрімен айналыса алады. Шынығу залы бар. Киім ауыстыратын 4 бөлмесі, 32 адамға арналған асханасы болады.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен "Азаматтарға арналған үкімет" ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Оның лентасын облыс әкімі мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" Алматы облыстық филиалының басшысы Ермек Бекжүнісов бастаған ауыл ақсақалдары қиып, ғимараттың ішін аралады.

Облыс әкімі залда отырған тұрғындарға сөз арнады. Барлық қажетті жағдай жасалған Халыққа қызмет көрсету орталығының ел мен жерге тигізер шапағаты аз болмайтынын алға тартты. Орталықта жұмыс істейтін жас мамандарды жеке-жеке сөзге тартып, жағдайларын білді. Құтты болсын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан орталығының сәні мен салтанатын асыра түскен екі қабатты, айшықты заманауи ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Керуен сервис» ЖШС толығымен сапалы аяқтап шықты.

Ғимараттың 1 қабатында аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының, аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі арнайы тобының, аудандық мұрағаттың қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Жоғары қабатына әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастр бөлімінің мамандары орналасады. Мұнда 72 адамға арналған мәжіліс залы бар.

Шара аясында аудандық прокуратураның екі қабатты ғимараты пайдалануға беріліп, салтатантты рәсімі айшықталды. Облыс әкімі Амандық Баталов пен облысымыздың прокуроры Азамат Жылқыбаев лентасын қиып, жайнап, жарқыраған ғимарат ішін көрді. Оның жайымен Райымбек ауданының прокуроры Шәміл Құтелов таныстырды. Одан кейін прокуратура ғимаратының жанындағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімшесінің күрделі жөндеуден өткізіліп, толықтай бітіп қалған ғимаратының жайымен танысты. Ғимарат жанынан салынып, құрылыс жұмысы 99 пайыз аяқталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімшесі қызметкерлеріне арналған 4 қызметтік тұрғын үйді көрді.

Облыс әкімі Райымбек ауданына сапары барысында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарымен, ауылдардағы ақсақалдар алқасының төрағаларымен, серіктестіктердің, кооперативтердің жетекшілерімен жүздесті. Әкім мұнда аудандағы игі жақсылықтарды тілге тиек етті. Облыстың үстіміздегі жылғы әлеуметтік және экономикалық жағдайы, даму көрсеткіштері туралы әңгімеледі. Батыр баба атындағы ауданның көшін бастап жүрген, жұмыстың ауырын иықтарымен көтеріп жүрген азаматтарына, өңір тұрғындарына бар жақсылықты тіледі. Жалпы, ауданда атқарылып, жүргізіліп жатқан игілікті шаруалар үшін аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтің атынан жылы лебізін білдірді. Жиналыста аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова, Сарыбастау ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев сөз алып, аудан тұрғындары атынан облыс әкіміне, Елбасы Н.Назарбаевтың атына жылы лебіз білдіріп, жүрекжарды алғыстарын айтты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Райымбек ауданы

Алматы облысы