ЕЛБАСЫ ТУҒАН АУЫЛҒА БІРНЕШЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАС КОНСУЛЫ КЕЛДІ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1091
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қарасай ауданында ауқымды шара болды. Елбасы туған Шамалған ауылына Біріккен Ұлттар Ұйымының, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Алматыда тіркелген халықаралық мекемелердің жетекшілері мен өкілдері, бірнеше мемлекеттің Бас консулы келіп, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен танысты. Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан дәстүрлі шараға Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Алматыдағы дипломатиялық клуб қолдау білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Құрметті қонақтар алдымен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына ат басын тіреді. Мұнда Елбасының өмір жолынан сыр шертетін төрт зал бар. Орталықта Тұңғыш Президенттің балалық шағы, жастық кезеңі, еңбекке алғаш араласқан уақыты, үлкен саясаттағы орны жайлы мәліметтер қамтылған. Қонақтар ғимарат ішін аралап, Елбасының өмірімен, қызметтік жолымен жете танысып шықты. Елбасыға әріп үйреткен алғашқы ұстазы Такура Исмаилованың бейнесі, туған-туыстарының суреті, алғаш сауатын ашқан орта мектебінің макеті келген қонақтарды әсерсіз қалдырған жоқ. Ауылдан түлеп ұшқан қазақ баласы бүгінде әлем таныған беделді саясаткерге айналған.

Мәртебелі меймандар келесі кезекте «Úshqońyr» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған конференцияға қатысты. Басқосуда «Елбасы туған өлкенің инвестициялық әлеуеті», «Қазақстандағы көпвекторлы саясаттың алғашқы нобайын сызған Тұңғыш Президент» тақырыптары қозғалды. Шараны Хорватияның Құрметті консулы, «Қарасай ауданының білім қоры» корпоративтік қорының директоры Еркін Исрайылов жүргізді.

Конференцияны Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы салтанатты түрде ашып, өңірдің он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен таныстырды. Шарада ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Ысқақов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына тоқталып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер турасында сөз қозғады. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Бас консулы, Алматыдағы дипломатиялық клубтың президенті Евгений Бобров сөз алып, Елбасының адами қасиеттерінен әңгіме өрбітті. Осындай жарқын естеліктерді БҰҰ өкілі Самек Властимил де жалғастырып, жүрекжарды лебізін білдірді.

Конференцияны түйіндеген Еркін Дәулетұлы: «Әрбір дипломат осындай ғажайып өлкемен жан-жақты таныса отырып, ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін саралады деп ойлаймын. Болашақта Қазақстанмен қарым-қатынасты әрі қарай жандандыра түсу үшін мұнда талай инвестиция тартылары сөзсіз», – деді.

Басқосу соңында қадірменді қонақтар қазақтың ұлттық өнерін тамашалады. Ән шырқалып, күй шертілді. Қазақтың ұлттық аспаптары таныстырылды. Шарада халықаралық байқау жеңімпаздары Аяулым Тұрысбек пен Нұрғиса Базарбай өнер көрсетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"