ТҰМАН, КӨКТАЙҒАҚ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ДА АУА РАЙЫ ӨЗГЕРЕДІ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1221
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК-нің 2020 жылғы 27 қарашадағы дауылды ескертуі негізінде маңызды хабарлама ұсынады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдағы сенбі-жексенбіде Алматы облысының кей жерлерiнде тұман түсіп, көктайғақ болады. Күндіз кей жерлерде қатты жауын-шашын болып, соңы қарға ұласады. Батыстан жел соғады. Желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Талдықорған қаласында күндіз көктайғақ күтіледі. Батыстан соғатын желдің екпіні - 15-20 м/с болады.

Осыған байланысты қысқы мезгілде төтенше жағдайлардың алдын алудың келесі маңызды ережелерін есте сақтауды өтінеміз:

- азаматтар автомобильдермен жолға шықпас бұрын ауа райы жағдайы мен дауылды ескертулерге назар аударғаны жөн;

- жазғы дөңгелектерді қысқы дөңгелектерге ауыстырып, күрек пен балта, жылы киімдер, сіріңке мен жарықшамдар, азық-түлік пен құрал-жабдық жиынтығын, сүйрейтін арқан, алғашқы медициналық көмек қобдишасын және автокөлікте зарядталған ұялы телефон алып жүріңіз.

Төтенше жағдайда құтқару қызметінің тәулік бойғы «112» немесе «101» нөміріне қоңырау шала аласыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан