АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ БІЛІМ ОШАҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТОҚТАТЫЛҒАН

Уақыты: 30.11.2020
Оқылды: 1141
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сәуле Қабимолдаевамен баспасөз мәслихаты өтіп, онда білім саласындағы заңбұзушылықтар сөз болды. Сонымен бірге, аталған департамент басшысы атқарылған жұмыстарды да егжей-тегжейлі баяндады.

Баяндамашының сөзіне жүгінсек, биыл облысымыздың 29 мектебіне профилактикалық бақылау жүргізілген. Бақылаудың ерекшелігі – оның алдын алу сипаты мен білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсетуге бағытталғандығында. Бұдан бөлек, 37 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексерулер профилактикалық бақылау кезінде анықталған заңбұзушылықтардың толықтай жойылғандығын көрсеткен. Арыз-шағымдар бойынша да 8 жоспардан тыс тексеру өткізіліп, олардың 6-уында заңбұзушылықтар анықталған. «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарын бұзғаны үшін бір мектеп директорына шара қолданылған.

Департамент тарапынан оқу орнының лицензиялық талаптарға сәйкестігін растау үшін рұқсаттық бақылау жүргізіледі. Осы орайда 6 білім беру ұйымы тексеріліп, бір оқу ошағына лицензия беру тоқтатылған.

Ел Президентінің сапасыз оқу орындарын жабу бойынша берген тапсырмасын орындау барысында облысымыздың 15 колледжі 28 мамандық, 31 біліктілік бойынша лицензияларының қосымшаларын өз еріктерімен өткізген. Екі колледжді жабу туралы шешім шығарылған, 6 колледждің қызметі тоқтатылып тұр.

Облыстың барлық мектеп, балабақша, колледждерінде бейнекамералар орнатылған. 67 мектепте жүргізілген мониторинг бейнебақылауды ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктер бар екенін көрсеткен. Сонымен қатар, департамент тарапынан білім ошақтарының санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуына мониторинг жүргізілген. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар мектептерді жылы дәретханалармен жабдықтау бойынша үлкен жұмыс атқарған. Жыл басында 335 мектептің дәретханалары далада болса, қазан айында жүргізілген мониторинг мұндай 33 оқу ошағының ғана қалғанын көрсеткен.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге департамент қызметкерлері бақылаушы ретінде тартылған. ҰБТ өткізу пункттерінде 155 (1,3%) адам ереже бұзғандығы анықталған.

Сырттай бағалаудың тағы бір түрі – педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуі. Жыл бойы 4386 педагог тестілеуге қатысты. Өкінішке қарай, бұл жерде де заңбұзушылықтар орын алып,  94 педагогтың нәтижелерінің күші жойылған.

Пандемия басталғаннан бері департамент білім саласына қатысты сұрақтар бойынша шұғыл шара көру тәртібінде жұмыс жасауда. Жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы 141 арыз-шағым түссе, оның басым бөлігі ұмтаздардың еңбек ақысын төлеуге, құқықтарының бұзылуына, мұғалім міндеттеріне, оқу жүктемесін бөлуге, еңбек қатынасы және әлеуметтік қорғауға, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға және қашықтан оқыту мәселелеріне қатысты болған.

– Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің облысымыздың барлық педагог, ата-аналары, жалпы қоғам үшін әрқашан есігі ашық. Бірде бір телефон қоңырауы, әлеуметтік желі арқылы қойылған сауалдар, арыз-шағымдар жауапсыз қалмайды. Мамандарымыз шұғыл түрде әрекет етіп, білім саласына қатысты қандай да мәселе болсын шешуге ықпал етеді. Оқу жылының басында жүргізілген мониторинг барысында кейбір аудандарда мұғалімдерге еңбекақылары кешіктіріліп беріліп, толық емес төленген жағдайлар анықталды. Қазіргі кезде жағдай түзелді. Департамент құзыретіне педагогтардың Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңында бекітілген құқықтарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту жататынын ерекше атап өткім келеді. Алайда құқықтары бұзылған кезде педагогтар өз аты-жөндерін көрсетпеуі, көптеген жағдайда сөздерінен бас тартып, тіпті, акаунттарын өшіріп тастауы кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға кедергі келтіреді, – деген Сәуле Нұраханқызы ұстаздардың өз құқығын қорғай білуі қажеттігін атап өтті.

Баспасөз мәслихаты соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы