АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ АВТОЖОЛ ЖАБЫЛЫП, 30 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 992
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында республикалық маңызы бар екі автожол жабық. Сонымен қатар, төтенше жағдай қызметкерлері түн ортасында бұрқасын қарда қалған 30 адамды құтқарды. Сөйтіп, қалың қар мен боран салдарынан бір тәулікте бірнеше қауіп болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ағымдағы жылдың 30 қарашасында, түнгі сағат 02.37-де Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші байланыс пультіне Ақсу ауданында Қапалға барар жолдың 19-ншы шақырымында, Көшкентал ауылынан 10 шақырым жерде жеңіл автокөліктер қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Қазіргі таңда "Урал" базасындағы "Шнекоротор" арнайы техникасын қолдану арқылы аталған автожол учаскесі қар құрсауынан тазартылды, 10 автокөлік өз жүрістерін жалғастырды. Автокөлік салонында 30 адам болған, оның ішінде, 2-уі бала. Олардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінде Қапалға (1-43 шақырым) баратын және Үшарал-Достық автожолдарының біршама бөлігі (84-184 шақырым) жабық. Алматы облысының төтенше жағдай қызметі азаматтардан осы бағыттағы жолдарға шығуды тоқтата тұруды сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"