АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН ПРЕСС-САММИТ ӨТТІ

Уақыты: 02.01.2021
Оқылды: 2139
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ММ «Jetisu Media» КММ алғаш рет ұйымдастырған I республикалық «Press Summit» атты іс-шарасына қатысушы тілшілер қауымы Талдықорған төрінен Іле Алатауын бетке алып, ең алдымен, Талғар ауданының тыныс-тіршілігіне ден қойды.

Сапар барысында «Jetisy Media» мекемесі директорының орынбасары Мұратбек Балтабеков бастаған БАҚ өкілдері Алматымен іргелес ауданның экономикасы мен өркендеуіне үлес қосып отырған ірі кәсіпорынның бірі – «Zeta» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Бұл отандық кәсіпорынның еліміздің экономикасына қосып отырған үлесі орасан зор. Зауыттың металл мен пластикалық сапалы өнімдері ел аумағынан асып, шетелдік нарыққа енгенін айрықша атау абзал.

– Кәсіпорындағы 700-ден астам жұмысшының біразы бір отбасының мүшелері. Негізінен бәрі талғарлық тұрғындар. Компанияның Талғарға келгеніне 12 жыл өтті. Алдағы жылы құрылғанына 25 жылдығын атап өтеміз, – дейді «Zеtа» компаниясының бас директоры Мақсұт Омарбаев. – Жалпы, індетке байланысты наурыз, сәуір айларында жұмысымыз тоқтап қалды, салдарынан бірталай қаржы жоғалттық. Соған қарамастан жылды жақсы нәтижемен аяқтап отырмыз. Өткен жылдарға қарағанда өсім бар. Былтырғы жылы Талғар ауданы бойынша бюджетке 1 млрд.200 млн.теңге салық құйдық. Кәсіпорында 4 мыңнан астам отандық өнім түрлері өндірілсе, соның 400-ден астамы тек пластик өнімдер боп саналады.

Дамылсыз жұмыс істеп жатқан кәсіпорында 6 жылдан бері еңбек етіп, отбасын асырап отырған Мадина Ментеева өзінің ризашылығын білдірді. Оған жұмысы мен жалақысының тұрақты болуы басты себеп және зор қуаныш екен. Өз ісінің шебері станоктан күніге гүл өсіруге арналған түрлі құмыралардың 500 данасына дейін дайындалатындығын тілге тиек етсе, үрлеу цехының шебері Ғабит Назарқұлов суға арналған бөшкелердің 2 станоктан тәулігіне 2 мыңға жуық данасы өндірілетіндігін мақтанышпен айтады. Бұл отандық тауарға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Ал Белбұлақ ауылындағы «Medicare international» ЖШС мүгедек, мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеуге арналған аяқ, қол протездерін шығарумен және жинаумен айналысуда. Аталған ауылға қоныстанған екі жылдың ішінде аяғынан нық тұрған кәсіпорынның ісі ілгерілеп келеді. Екіқабатты ғимараттың жертөлесінде өндірістік цех жұмыс істесе, бірінші қабатында әкімшілік қызметкерлері мен мамандар, ал жоғары қабатында науқастардың жатын орындарына арналған бөлмелер, яғни стационар орналасқан. Жалпы сомасы 5 млн.АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған кәсіпорынның қызмет ауқымы кеңейіп келеді.

Мұндағы өнім өндірушілердің басқалардан айырмашылығы – аяқ, қолы жоқ кемтар жандарға арналған протездер және кеуде безі алынған әйелдердің протезі, жаңа туған науқас балаларға арналған бас ұстағыш корсеттер жасаумен, ортопедиялық аяқкиімдер тігумен айналысады. Сол себепті, науқастар Қазақстанның әр аумағынан келіп, тапсырыс береді. Оған барлық жағдай жасалған.

– Қазақстанда осындай үш фирма бар. Оның бірі Шымкентте болса, екіншісі Алматыда және біз. Алдағы жылдары барлық облыстан филиал ашуды және протезге керек құрылғыларды өзімізден өндіруді көздеп отырмыз. Себебі, жаңа технологиямен жасалатын протездердің қосалқы заттары шетелдерден алынатындықтан оның құны да жоғары. Жалпы бір протездің құны шамамен 3-4 млн. теңгеге барады, – дейді «Medicare international» ЖШС директорының орынбасары Ринат Ерғалиұлы. – Осы жерде ескі технологиямен  жасалатын протезге қой-ешкі мен сиырдың иленген терілері пайдаланылады. Оған қажет былғары да өз еліміздің таза өнімі. Десе де, жаңа технологиямен жасалатын протездер өте ыңғайлылығымен ерекшеленеді және жеңіл болады. Жаңа модульдің 20-дан астам түрі бар. Болашақта бір протезге керек құрылғыларды түгел өзімізден шығаруды жоспарлап отырмыз. Мүгедек жандардың қажеттілігін өтеп отырған кәсіп- орында барлығы 45 адам жұмыс істеуде. Жылына 3 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетіледі.

Осы күні Ұйғыр ауданында ірілі-ұсақты 13 жылыжай жұмыс істейтіндігі жөнінде аудан әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев баяндады. Топырақтың құнарлы әрі ыстық суға байланысты жылдан жылға жылыжай өндірісі өркен жайып келеді. Соның бірі «Эко продукт плюс» ЖШС-нің өнім алудағы іс-тәжірибелерін айрықша атау абзал. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де түрік технологиясына негізделген жалпы аумағы 1,5 гектар жерге орналасқан жылыжайдың алғашқы өнімі өнімді әрі өтімді болған.

– Биылғы жылы жылыжайдан 400 тоннадан артық өнім жинап, оны Алматы қаласының базарларына өткіздік. Алғашқы аяқ алысымыз жаман емес. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың айлықтары да уақтылы төленіп тұрады. Алдағы жылы қиярға қоса қызанақ өсіріп, шаруашылықты кеңейтуді көздеп отырмыз, – дейді серіктестік директоры Рамиль Баситов.

БАҚ өкілдері бас қосқан екі күндік іссапар соңы «Әлеуметтік желі және оны пайдалану» атты тақырыптағы семинар жұмысымен қорытындыланды. Семинарда әлеуметтік желінің қоғамдағы маңызы зор екендігі айтыла келе ақпарат беруде боямасыз шынайылыққа, ашықтыққа, нақтылыққа ден қою қажеттігі талқыланды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы облысы