Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЖОЛ ТАЗАЛАУҒА 114 АДАМ ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

Уақыты: 13.01.2021
Оқылды: 559

Өткен жылды жұқалтаң қармен шығарып салған жұртшылық бір-ақ күнде ақ ұлпаға қарық болды. Мұндайда қиындық ең алдымен тас жолдарда арлы-берлі жүйткитін автокөліктерге түседі. Сондықтан да қар тазалау жұмыстары қарқынды жүруі керек. Бұл жұмыстарды қамтамасыз ететін тиісті мекемелер сақадай-сай отырғанын көрсетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Таң қараңғылығынан қар тазалайтын техникалар міндеттерін ойдағыдай атқаруға кірісті. Біз Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысына хабарласып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын сұраған едік.

– Күре жолдарды қардан арылтуға 61 техника, 114 адам жұмылдырылды. Олардың барлығы шұғыл қимылға кірісті. Жолдарды қалыпқа келтіріп жатыр. Алдағы уақытта да тәулік бойы толассыз еңбек ететіндері анық. Басты мақсат – жолға шыққан көліктердің апатты жағдайлардан аман болуын қамтамасыз ету. Мүмкіндігінше, алыс сапарларға шықпауды ескертіп жатыр. Ең қауіпті нәрсе – көктайғақ. Жолға құм шашып, тұз себуді барынша жылдамдатуда. «ДЭУ-21», АБЗ Карьер ДРСУ, «ДЭУ-91» мамандандырылған мекемелер белсенділіктерін арттыра түсті. "Алматы – Шелек – Қорғас" бетон жолын ретке келтіру үшін 23 техника бөлінді. Осының арқасында жол қатынастары талапқа сай реттеліп жатқанын айтуға болады, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Динара Төлемісова.

Жапалақтап жауған қар көліктердің қозғалысын баяулатып, кептеліс тудыруда. Солай десек те, жүргізушілер жол ережелерін сақтауға барынша назар аударады. Адамдардың бірін-бірі түсінгені, құрметтегені мұндай жағдайда үлкен рөл атқарады.

– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мен де өз жұмысыма кірістім. Себебі, таксиді қажет ететін жолаушылар жеткілікті. Қолымыздан келгенше міндетімізді ойдағыдай атқаруға тырысып жатырмыз. Қардың жауатыны күні бұрын хабарланды. Соған сай дөңгелектерді тағы бір тәптіштеп тексердік. Ақырын жүруге тырысамыз. Өйткені, жолаушылардың аман-саулығы – ең басты қажеттілік, – дейді өзін Нұрлан Берікұлы деп таныстырған такси жүргізушісі.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы