"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ АТАНДЫ

Уақыты: 14.01.2021
Оқылды: 1810
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізге белгілі ақын, Фариза мен Марфуғалардың жолын жалғап, жауқазын жырларымен мың сан оқырманның ықыласына бөленген әріптесіміз Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса) халық қалаулысы атанып, Парламент мінберіне көтерілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жаны нәзік болғанымен қаламы өткір ақын қыз праймериз – партияішілік іріктеу кезінде бағыты айқын бағдарламасымен дараланып, бұқара мүддесі үшін жаңа бастамалар ұсынды. Айлар бойы шалғай ауылдарды аралап, облыстың түкпір-түкпіріндегі мәселелерді назарға алған әріптесімізді 70 пайызы жаңарған «Nur Otan» партиясы фракциялығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болуымен шын жүректен құттықтаймыз!

«Жетісу» газетінен ұшып шыққан қарлығашқа қанатың талмасын, абыройың аласармасын, елдік жолындағы еңбегіңмен биіктей бер деген ізгі тілек жолдаймыз. Еске сала кетейік, Мақпал Тәжмағамбетова Алматы облыстық "Жетісу" газетінің Қапшағай қаласы мен Іле ауданындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды.

Мақпал Мыса, 1983 жылы 26 желтоқсанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген. Өлеңдері мерзімді басылымдарда үздіксіз жарияланып келеді. Бірнеше жыр жинағының авторы. Республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»