СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЕСКЕЛДІ БИДІҢ БАСЫНА БАРЫП, ҚҰРАН БАҒЫШТАДЫ

Уақыты: 15.01.2021
Оқылды: 1248
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов пен Нұрлан Қылышбаев қасиетті Қаратал жеріне ат басын бұрып, Ескелді биге құран бағыштады. Сондай-ақ, өңірдегі бірқатар нысандарды аралады. Аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов бастаған аудан азаматтары қадірлі қонақтарды аудан шегарасынан күтіп алды.

Халық қалаулылары ең алдымен 1940 жылы іргетасы қаланған, ауылшаруашылық нысандарына су жөнелтетін Бас бөгеттің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қаратал өзенінің төменгі сағасында ірге тепкен Елтай ауылдық округі аумағындағы маңызы зор нысанға араға 80 жыл салып күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Нысан құрылысын «Темірбетон» ЖШС атқаруда. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының Қаратал өндірістік учаскесінің бастығы Бақытжан Өмірбаев аудан бойынша гидротехникалық құрылымдар, магистралды және тарату тоғандары былтыр күзде жөнделгенін және биылғы көктемде 12 дана гидротехникалық бекет пен 6 гидрометриялық бекет жөнделетінін жеткізді.

Аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов былтыр су тапшылығы айқын сезіліп, егін бітік шықпай, шығын орын алғанын баяндап, Сенат депутаттарына мемлекет тарапынан егістікті сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Мырзабекұлы кезінде өзі еңбек еткен өңірді өркендетуге барынша көмектесуге әзір екенін білдірді. Осыдан соң халық қалаулылары Ескелді атаның басына барып, елдің ауызбірлігі мен ынтымағының сақталуына сүбелі үлес қосқан әулие бабамызға Құран бағыштады.

Үштөбе қаласына барған Сұлтан Мырзабекұлы мен Нұрлан Наурызұлы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан А.Пушкин атындағы орта мектепке бас сұғып, Бастөбе сервистік колледжінің студенттерге арнап салынған 50 орынды жаңа жатақханасымен танысты.

Сенат депутаттары Қаратал ауданының орталығында атқарылып жатқан оңды істерге осылайша оң бағасын берді.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы