ЭТНОСАРАЛЫҚ ШИЕЛЕНІСТІҢ АЛДЫН АЛУ: ҮШ КҮНДІК СЕМИНАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ

Уақыты: 16.01.2021
Оқылды: 1126
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Этно-мәдени бірлестіктер, аналар кеңесі, медиация, жастар мен мәдени құрылым төрағаларымен этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу, диалог алаңын құру мақсатында "Қоғамдық келісім" КММ-нің ұйымдастырушылары облысымыздың аудандары мен қалаларында этносаралық қатынастар саласындағы жұмысқа тартылған мамандардың біліктілігін арттыру үшін үш күндік семинар-кеңес өткізді.

Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Іс-шараны «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова жүргізді. Ол аудиторияны еркін форматта сөйлесуге шақырды. Талқылау үшін таңдалған тақырыптар өзекті болды. Ол айтылған сұрақтар мен ұсыныстардан-ақ байқалды.

Барлық қатысушылар ортақ тақырыпқа қатысты ой-пікірлерімен, көзқарастарымен, аргументтерімен алмасты. Көп жағдайда барлығы орналасатын орындардың жоқтығы, штат пен материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі мәселе қозғады. Сондай-ақ, кездесу барысында көптеген мәселелер көтерілді. Оның ішінде, этнос өкілдерінің қатысуымен тұрмыстық жанжалдар, криминалдық жағдайлар орын алғаны да әңгіме өзегіне айналды.

Шара барысында әр түрлі тақырыптарда секциялық жұмыс ұйымдастырылды. Әр секция күн сайын аудандарда кездесетін нақты жағдайларды талдады. Әлеуметтік бастамаларды қолдау және медиация қызметінің басшысы Жансұлу Башенова мен қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Айымжан Тәңірбергенова барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

І.Жансүгіров атындағы ЖУ (Жетісу университеті) музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Аида Үсенова көпмәдениетті білім беру ортасы жағдайында студент жастардың этносаралық толеранттылығын қалыптастыру тақырыбында баяндама жасады. Дін басқармасының өкілі Айбек Бабатай конфессияаралық келісімді қалыптастыру туралы айтты. Ол әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейтін, күн сайын өз қатарына жаңа жақтаушыларды (адептерді) тартатын жекелеген діни ағымдарға егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, көшпелі іс-шара барысында этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторингілеу қызметі ықтимал жанжалды жағдайлар мен этносаралық шиеленістің болуы тұрғысынан аудандардағы қоғамдық көңіл-күйге әлеуметтік мониторинг жүргізді.

Дәл осындай тақырыптағы көшпелі семинар Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Талғар аудандарында да жалғасын тапты.

Қорытындылай келе, "Қоғамдық келісім" КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова барлық айтылған өтініштер мен ұсыныстарды бақылауға алуға уәде берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"