ТЕМЕКІНІ ДҰРЫС ТҰТАТПАУДЫҢ САЛДАРЫНАН 4 АДАМ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 653
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда пәтер өрт шығып, төрт адам ауруханаға түсті. Өрт темекіні тұтату кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Ауруханаға түскендердің екеуі 5 және 6 жастағы балалар. "Талдықорған қаласы, «Мүшелтой» шағынауданы, №28 үйдің төртінші қабатында пәтер өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жанып жатқан пәтерден 4 адамды құтқарды.Оның ішінде, екі бала болды (1981 жылғы ер адам, 1984 жылғы әйел адам және 2015, 2019 жылғы екі бала), олар Талдықорған қаласындағы облыстық және көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды», - делінген ресми хабарламада. Сондай-ақ, ТЖД мамандары 15 адам, оның ішінде 8 баланы арнайы баспалдақпен эвакуациялады.

Өрт 20 минуттың ішінде сөндірілді. Қызыл жалын 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Жиһаз, теледидар және заттар жанған.

Өрт сөндіру және адамдарды құтқаруға Алматы облысы ТЖД-нің 27 қызметкері мен 7 техникасы, Алматы облысы ПД-нің 10 қызметкері мен 4 техникасы, қаланың авариялық және шұғыл қызметтерлері жұмылдырылды. «Өрттің шығу себебі темекі шегу кезінде отты абайсыз қолдану болды», - деп толықтырды ТДЖ баспасөз қызметінен. Құтқарушылар азаматтардан өрт қауіпсіздігін сақтауды, жас балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды және төсекте темекі шекпеуді ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"