ҚАПАЛҒА БАРАР ЖОЛДА 11 АДАМ ҚАЛЫҢ ҚАРДЫҢ ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 928
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Талдықорған-Қапал» автожолының 59-нші шақырымында 4 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазіргі таңда жолаушылар құтқарылды. «Ауа райының нашарлап, бұрқасын дауыл соққанына байланысты төтенше жағдай қызметімен бірлесіп, қауіпті жол учаскелерінде алдын алу шараларын ұйымдастырдық. Боранда қалу жағдайларын тексеру барысында жолда қалған 4 көлік анықталды. Көліктегі 11 адамға, оның ішінде, 4 балаға көмек көрсетілді. Оларды жылытып, көліктерін қауіпсіз аумаққа шығаруға қол ұшын бердік. Жолаушылар жақын маңдағы Ақын Сара ауылына жеткізілді»,- деді облыстық Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.

Алматы облысының аумағында ауа температурасы күрт төмендеп, боран соғуына байланысты жол жүру мүмкін болмағандықтан, республикалық және облыстық маңызы бар кейбір жолдар жабылды. Полицейлер жүргізушілердің жолға шықпауын ескертіп, дабыл қағуда. Облыстағы барлық жолдардағы қауіпті аумақтарда жол сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"