АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҰРЛАНҒАН 1500 МАЛ ЗАҢДЫ ИЕЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Уақыты: 19.01.2021
Оқылды: 801
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының тәртіп сақшылары былтыр қолды болған 1500 малды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

2020 жылғы мал ұрлығы 2019 жылмен салыстырғанда 31,6 пайызға төмендеген. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 359 адам ұсталып, 439 қылмыстың мән-жайы әшкере болған.

- Былтыр мал ұрлығын кәсіп қылған 42 қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Олардың 117 қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Жалпы алғанда, облыс бойынша қолды болған 1500 мал заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 237 жылқы мен 256 бас ірі қара бар, - деді Алматы облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Даниярұлы.

Полицейлер мал ұрлығына байланысты қылмыстарды ашу және олардың алдын алу мақсатында былтыр төрт мәрте «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасын өткізген. Арнайы шара барысында тәртіп сақшылары 119 қылмысты ашқан. «Облыста мал ұрлығын болдырмас үшін мал және ет өнімдерін тасымалдау қатаң бақылауға алынған. Тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаған 500 жуық жүргізуші анықталып, оларға 13 миллионы 581 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, мал және ет өнімдерін саудалау орындары да тұрақты түрде тексеріледі»,- деп толықтырды полиция полковнигі Асхат Даниярұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан