"ҮШАРАЛ-ДОСТЫҚ" АВТОЖОЛЫ ЕКІ АЙДЫҢ ІШІНДЕ 12 РЕТ ЖАБЫЛҒАН

Уақыты: 20.01.2021
Оқылды: 1202
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Журналистер үйінде Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Қысқы кезеңде шомылу және автожолдардағы қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында брифинг өткізді.

Шара Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Игорь Жуковтың баяндамасынан бастау алды. Ол:

– Қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні «Крещение господне» мерекесі. Осы күні суға шомылатындар көп болды. Қазір індеттің өршіп тұрған кезі. Біз суға шомылушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырдық, – деді.

Төтенше жағдай департаменті қыс мезгілінде шомылу кезінде суда ұзақ уақыт болуға тыйым салынғанын, өзін қолайсыз сезінген адам суық суға түспес бұрын дәрігердің тексеруінен өтуі керектігін айтты. Сондай-ақ, шомылып болған соң, дереу сүртініп, үйге кіріп, ыстық шай ішіп, жылынуы тиіс деді.

Екінші мәселе бойынша қыс мезгілі басталғаннан бері облыста Алакөл ауданының «Үшарал – Достық» автожолында үнемі болатын қарлы бұрқасын мен екпінді желдің салдарынан автожол 12 рет жабылғанын жеткізді. Шамамен екі апта ішінде «Үшарал – Достық» тас жолында 24 адам құтқарылып, эвакуацияланса, қар құрсауынан 12 техника алынған.

Осыған орай, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жүргізушілерден ұялы телефонына келетін хабарламаларды немесе ақпарат құралдарында жарияланған материалдарды мұқият оқуын, жолға шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертті.

Арай ОРАЗҒАЛИ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4-курс студенті

Сурет - ғаламтордан