Ақсу қант зауыты іске қосылды

Уақыты: 19.05.2016
Оқылды: 2984
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу өзенінің екі жағасына орныққан ел жарты ғасырға жуық нәпақасын тәтті түбір өсіруден тауып келді. Дерек көздеріне үңілсек, 82 гектар аумақты алып жатқан Ақсу қант зауыты 1967 жылы салынды.

Зауыт құрылысы чехословакиялық жобамен жүргізіліп, сол елдің мамандарының басқаруымен қант қайнатудың бірінші кезеңін бастады. Елімізде нарықтық қатынастар енуіне байланысты қызылша себетін шаруашылықтар ұсақталып, бөлшектеніп кетті. Қазір қызылша өсірушілер тәтті түбірді алысқа тасымалдап әуре болуда. Жаппай жекешелендіру жылдары зауыт қолдан-қолға өтіп, қарызға шаш етектен батып, банктің құзырына өтіп кеткен. Тек жұртты: «Ақсу қант зауыты іске қосылса, ақсулықтармен қатар Сарқан, Алакөл аудандарының тұрғындарына жақсы болар еді» деген үміт қана әлдилеп келді.

 

Міне, сол үміт ақталатын болды. Сәтін салса, келер жылы қыркүйек айында Ақсу қант зауыты іске қосы­лады. Бұл туралы Ақсу ауда­нына арнайы жұмыс сапа­рымен келген облыс әкімі Амандық Баталов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін банкте кепілде тұрған зауыт­қа енді «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компа­ниясы» АҚ ие­лік етпек. Олар бірнеше жыл­дан бері тоқтап тұрған зауытты қайта қалпына кел­тіру және оны іске қосу жө­нін­дегі бірқатар кешенді ша­ра­ларды жүргізіп келді. Бел­гіленген жоспарға сәйкес, арнайы мамандар мен сарап­шылар бірнеше мәрте ғима­раттың техникалық жағ­да­йын, бас корпусын, ЖЭС-тің техникалық құрылғылары мен тетіктерін сараптаудан өткіз­ген. Тіпті, банктің  қары­зын     3 жыл­ға бөліп төлеу тура­лы келісімшартқа қол қойып­ты. Сонымен қатар, шетелден ар­найы мамандар шақырып, өн­дірісті іске қосуға кететін шығындарды да есепке алған.  Соның нәтижесінде, бұл жолы олар отандық инвесторлармен қатар Ресей, Украина елде­рінің ұзақжылдық қант өндіру тәжірибесі мол бір топ маман­дарын өңірімізге шақырып, игілікті істі бірлесе атқаруға уағдаласты. 

Бір айта кетерлігі, зауыт жұмысын тоқтат­қанымен за­уыт­қа жаны ашитын адамдар ондағы құрылғыларды сақтап қалуға бар күшін жұмсаған. Сондықтан мұндағы қон­дыр­­ғылар сыры кетіп, сыйқы бү­лін­генмен тоналмаған. Облыс әкімімен бірге зауытты толы­ғымен аралап шыққан шет­елдік маман­дар: «Зауыт ғима­ратының сүйегі мықты, әлі де 120 жылға шыдас береді. Тіп­ті, мұндағы қондырғылардың көбісі жұмысқа жарамды. Тек күрделі жөндеу жұмыстарына тездеп кірісіп, жоспарға сай іс атқарылса, зауытты тез арада ретке келтіруге болады» деп сенім артып отыр. Бұл шет­елдік инвесторлардың еш алаң­дамай инвестиция са­луы­на мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зауыттың өндірістік бөлігі мен оған энергия беретін жы­лу-электр орта­лығы да көп бүлінбеген. Ол мазутпен жана­ды. Оның жағдайын көріп шыққан өңір басшысы инвес­торларды тарту үшін аталған орталықты алдағы уақытта газбен қамтамасыз ететінін жеткізді.

– Зауытты 2017 жылы іске қоссақ, оны газбен жылыту үшін газ магистралін тарту туралы Үкіметке  сұрақпен шыға аламыз. Егер респуб­ликалық бюджеттен қаржы­ландыру мүмкін болмаса, өзі­міздің жергілікті бюджет ар­қылы Талдықорған – Ақсу ара­сында 120 шақырым газ құбырын тартуға мүмкін­дігі­міз жетеді. Мазуттан гөрі газ­бен жылыту жұмысы арза­нырақ болмақ. Сонда зауыт­тың өзіндік құны барынша төмендейтін болады, – деді ол.

Зауытты аралаған топтың арасында өнді­ріс орны құрыл­ғаннан бері жұмыс істеген адамдар да болды. Олар көп­шілікке зауыттың өткені тура­лы айтып берді. 1967 жылы салынған зауыт құрылысы чехословакиялық жобамен жүргізіліп, сол елдің маман­дарының басқаруымен қант қайнатудың бірінші кезе­ңін бастады. Жыл өткен сайын зауыт ұжымы қант қайнатудың әдісін жетік игере бастады. 1982 жылдан бастап зауыт жанынан жүгері талшығын өндіретін шұжық, цукат, тағы да басқа өнімдерді шығаратын цех іске қосыл­ған.  «Бола­шақ» балалар комбинаты, «Ба­тыр» спорт кешені, Ақын Сара Мә­дениет үйі, Е. Сихы­мов атын­дағы стадион, сауна, дәрі­гер­лік пункт, асхана, дү­кен­дер халыққа қызмет атқа­рыпты. Қазір соның көбі бү­лінген. Егер зауыт іске қо­сылып, жос­пардағыдай жұ­мыс атқарса, өңірді қант­пен қамтуды то­лық жүзеге асы­рып, қант импортын 70 па­йыз­ға дейін төмендетеді. Бір мезгілде тұрғын­дардың әлеу­меттік жағдайын жақ­сартуға да сеп болады. Айта­лық, жоба бойынша зауыт толық қуат­тылығына енгенде жы­лына 300 000 тонна шикі­зат өңдеп, 40,5 мың тонна қант алады. Ол үшін жылына 6 мың гек­тардан астам ал­қапқа қант қызылшасы себі­ліп, өнім жиналуы керек. Мұны тек ақсу­лықтар ғана дайын­дап үлгере алмайды. Көрші Сарқан, Алакөл ауда­нының тұрғын­дары да қант қызыл­шасынан нәпақа табу­ға мүм­кіндік алады. Ол үшін егіс алқабын суландыру мә­се­лесін шешу керек. Осыған орай, облыс әкімі облыс және аудандық мекеме басшы­ла­ры­на қант қызылшасы егі­летін аумақты сумен қамта­масыз ету үшін Басқан өзе­ніндегі және Қызылағаштағы бөгетті қалпына келтіруді табыстады. Қыс­қасы, біраз жылдан бері жұртты елең­деткен үміттің ұшқыны тұ­тан­ды. Енді жауап­керші­лік­пен жұмыс істеу ғана қалды.

«Ақсу қант зауыты іске қо­сылады» деген жылы ха­бар­ды ақсулықтар қуана қа­был­дады. Ауыл ақсақалдары облыс әкімі мен оның жаны­нан табылған іскер азамат­тарға алғы­сын айтып, баста­маның берекелі болуын ті­леп, ақ батасын берді. Осы орайда, Ақсудың қадірлі қа­рия­сы Амангелді Айтбаев жұрт тілегін орындаған об­лыс әкіміне ел ризашы­лығын жеткізді.

Қажет Андас

Ақсу ауданы.