Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АСҚАР МАМИН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУ ТАҚЫРЫБЫНДА КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Уақыты: 05.02.2021
Оқылды: 1065
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап мәлімдеді.

Өңір әкімі Амандық Баталов Алматы облысын дамытудың өзекті мәселелері туралы баяндады. Талқылауға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, Геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, туризм және инвестициялар тарту, қоршаған ортаны қорғау, өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру мәселелері қаралды. 2030 жылға дейінгі Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға, 1,3 трлн.теңгеге дейін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,7%-ға (машина жасау 31%-ға, фармацевтика 10%-ға, тамақ өнімдері 3,5%-ға, сусындар 2,3%-ға, қағаз өндірісі 1,1%-ға) өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,3% өсіммен 917,8 млрд.теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары 6,9 мың гектарға ұлғайып, 968,5 мың га құрады. Мал басы 5,1%-ға артты, ет және сүт өндірісі тиісінше 2,2%-ға және 3,2%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 4%-ға 680,7 млрд теңгеге дейін өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 310,2 млрд.теңгені құрады (+6,8%), 957 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді (+6,9%). Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфеліне 44 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 5,4 трлн.теңгеге 546 жоба кіреді.

Биыл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аша отырып, 118 млрд.теңгеге 62 жобаны іске асыру жоспарлануда. Алматы облысының Іле ауданында жалпы қуаты жылына 220 мың тонна болатын екі қоқыс өңдеу зауытының құрылысы басталады. 2020 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 21 млрд.теңгені құрады, бұл республикалық көлемнің 14,5%-ын құрайды. Биыл облыста 685 км туристік маршрут пен соқпақтарды абаттандыру, 2,6 млрд теңге сомасына туристерді орналастыратын 18 орынды пайдалануға беру жоспарланған.

«Алматы облысы экономикасының негізгі секторларында оң даму динамикасы сақталды. Өңір АӨК, көлік және логистика, туризм және өнеркәсіп салаларында елеулі әлеуетке ие. Облыс Алматы қаласының азық-түлік белдеуі болып саналады. Жаңа жобаларға салынатын инвестициялар көлемін арттыру арқылы Алматы облысын одан әрі дамытуға едәуір серпін беру қажет», - деді А.Мамин.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"