АЛМАТЫ-ӨСКЕМЕН БАҒЫТЫНДАҒЫ СУ ЖАҢА ЖОЛДЫҢ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Уақыты: 03.04.2021
Оқылды: 1032
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кейінгі жылдары облыс аумағындағы жолдарды жөндеу жұмысы жоғары деңгейде қолға алынып, жұрттың ықыласын аударғаны анық. Қалаішілік және аудан, елді мекендер аралығындағы жолдар ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, көптің көңілінен шығуда. Десе де, жолаушылар мен жүргізушілер тарапынан жол жөндеу жұмысының сапасы, жөнделген жолдың талапқа сай келмеуі, ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен жолдың тез бүлініп, жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні жайлы жиі шағым түсетінін естіп жүрміз. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Осыны ескерген “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК облыстық филиалы, жол полициясы және “Қазавтожол” АҚ облыстық филиалы мен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолының 16-287 шақырым аралығындағы жолды тексеріп шықты.

Әрине, қыруар қаржымен салынатын жол ақаусыз әрі белгіленген мерзімге дейін шыдамды болуы керек. Дегенмен, тексеріс барысында пайдалануға берілгеніне екі жыл да болмаған жолдың кейбір бөліктерінің ойылып кетуі, жол төсемінде сызаттардың пайда болуы және жол белгілерінің түсі оңып кеткені байқалды.

– Әсіресе, аталған жолдың 283-287 шақырымында кездескен ақаулар назар аударарлық. Өйткені ой-шұқыр болған жерге міндетті түрде “Алдыңызда ой-шұқыр бар” немесе “Айналып өтіңіз” деген жол белгілерін қою керек еді. Біз ондайды байқамадық. Осыған орай, тиісті әкімшілік шара қолданылатын болады, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы, жол және техника инспекциясы бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Дияс Молдабергенов.

Әрине, бұл жолмен көп жүрмеген, оның үстіне “Қолданысқа берілгеніне бір-екі жыл болған жолдарда мұндай ақау бар-ау” деп ойламайтын жүргіншілердің осындай ой-шұқырдың салдарынан көлігін зақымдап, шаш етектен шығынға бататыны, тіпті, адам өлімі де тіркелуі мүмкін. Бірақ осы аралықтағы жолды жөндеу жұмысын жүргізген "Жөндеу-Құрылыс-Басқармасы" ЖШС облыстық филиалы мамандарының да айтар уәжі бар екен.

– 283-287 шақырым аралығындағы жолға ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізген болатынбыз. Сондықтан, жолдың бет қабатындағы жамылғыны қырып тастап, жаңадан асфальт төседік. Жердің жағдайы бірдей емес. Тіпті, әр компания өндіретін асфальттың сапасы мен түсі де ұқсамайды. Сондықтан, саздауыт немесе жерасты ойнап тұратын жерлерде осындай ақаулар пайда болатыны белгілі. Мұны қыс бойы жасауға келмеді. Алдағы 15 сәуірден бастап, айдың аяғына дейін барлығын қайта жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз, – дейді аталған мердігер компанияның өкілі.

Қыруар қаржының есебімен жасалып, елдің игілігіне айналуға тиісті жолдың сапалы болғанын біз де құптаймыз. Табиғи жағдайдан, ауа райының құбылуы салдарынан жолдың да бүлініп тұратынын ескеруіміз керек. Бірақ жауапкершілікке алған жұмыс өз кезегінде орындалуы керек.

– Тексеріс барысында жол сапасына қарасты бірқатар кемшілікті байқадық. Бірақ алаңдататындай жағдай кездеспеді. Аталған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші және мердігер компания өкілдеріне ескертілді. Сәуір айының соңына дейін бәрін қалпына келтіретін болады, – деді “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов.

Аталған жағдайларға орай бізге сұхбат берген жол жөндеу жұмысына тапсырыс берген “Қазавтожол” АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Өмірзақ Маманұлы жол сапасына қатысты орын алған кемшілік ел көңілінен шығатындай толық жөнделгенше үнемі мекеме тарапынан қадағалауда болатынын жеткізді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы