АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ИЗРАИЛЬ ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 07.04.2021
Оқылды: 937
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Алматыда Израиль елінен келген халықаралық LR GROUP компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесуде облыс әкімі шетелдіктердің аграрлық салаға инвестиция құямыз деген ниеттерін құптады. Екіжақты әңгімеде бүгінгі өркениет талаптарына сай келетін жаңа технологияларға және оның тиімділігіне назар аударылды.

Басқосуда аталған компанияның вице-президенті Белтман Марк жетісулықтарға өз жұмыстарын жан-жақты таныстырды. Озық технологияны бай тәжірибемен ұштастырып, қол жеткізген жетістіктерден мысалдар келтірді. Бүгінгі таңда аталған компания әлемнің 16 елінде жұмыс істейді. Енді Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Компания аграрлық саламен айналысуға маманданған. Сүт өндірудің жаңа технологияларына әбден қанық, жетік меңгерген. Компания өкілдері кездесуде өндіретін өнім сапасына кепілдік беретіндерін алға тартты.

- Инвестиция салу арқылы аграрлық саладағы жұмысымызды көрсетіп, жоспарымызды жүзеге асырсақ дейміз. Сіздердегі жер ресурстарының байлығы оған толық негіз болады. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі артады. Озық технологияны меңгерген кадрлар жасақталады. Бұдан екі тарап та ұтады, – деді Белтман Марк.

Облыс әкімі өз кезегінде инвесторлардың ой-пікіріне қолдау білдіріп, Жетісу аймағының бай табиғатымен таныстырып өтті. Халықаралық әріптестіктің өзіндік мектебі қалыптасқанын айтты. Әсіресе, соя, жүгері дақылдарын өсіру мейілінше кеңейген. Қант қызылшасы қарқын алуда. Осындай нәтижелердің арқасында облыс республикадағы аграрлық өнімнің 20 пайыздық үлесін еншілеп отыр.

- Израиль елінің технологиясы әлемге танымал. Әсіресе, тамшылатып суару әдісі кең жолға қойылған. Сондықтан, олардың озық технологиясы Жетісу өңірінің аграрлық саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып жатса, біз оны әрқашан қолдаймыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Кездесу екі тараптың да көңілінен шықты. Осы басқосуды пайдалана отырып облыс әкімі мемлекет және қоғам қайраткері, аграрлық салаға өлшеусіз үлес қосқан Еңбек Ері Сергей Терещенконы мерейлі жетпіс жасымен құттықтап, арқасына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы қаласы