МАТЕМАТИКА БҮКІЛ ҒЫЛЫМНЫҢ ПАТШАСЫ, МАМАНДЫҚ ТӨРЕСІ САНАЛАДЫ

Уақыты: 08.04.2021
Оқылды: 1545
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мұғалімдердің басты мақсаты – шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ал сапалы білім беру – сабақта оқытудың қазіргі тиімді әдіс-тәсілдерін қолданғанда ғана мүмкін болмақ. Математика пәнінің мұғалімі ретінде сабақты түрлендіре өткізіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын барынша арттыруға тырысамын. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқытуды көбіне деңгейлік тапсырмалар арқылы жүзеге асырып отырамын.

Бұл әдістің ерекшелігі – мұғалім бағыт беруші, ол оқушылардың өз бетімен тақырыпты меңгеруіне жағдай жасайды. Ал оқушылар ізденуші, зерттеуші ретінде ақпарат мағынасын өз бетінше жете түсіне алады, өткен тақырыппен салыстыра отырып, қорытынды жасайды. Өйткені, математика сабағында оқушылардың өз бетінше жұмыс жасау дағдыларын дамыту аса маңызды.

Сабақта деңгейлік оқытудың элементтерімен қатар, сыни тұрғыдан ойлау технологиясын, АКТ модулі, Блум таксономиясын жиі қолданамын. Оқушыларға логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін есептерді орындатып, математикалық шығармашылыққа баулуды басты мақсат етіп ұстанамын.

Әрбір оқушы математиканың мектеп көлеміндегі барлық бағыты бойынша білімін, білік дағдыларын игеруі тиіс. Сондай-ақ, кез-келген уақытта талдау жасай білуі керек. Ол үшін сабақ барысында оқушылардың ойлау қабілетін іске қоса отырып, ауызша есептер құрастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне, математикалық білімін басқа физика, сызу, техника, биология, география  сынды пәндермен сабақтастыру арқылы игеруіне мүмкіндік туғызамын. Сабағымның нәтижесінде оқушылардың «зерттеушіге» айналып, біреуі сызба сызу, енді бірі жартылай шешімді табу арқылы, біреуі жазып шығару арқылы тапсырманы орындап, логикалық-құрылымдық ойлау, есте сақтау, өзбетінше қорытындылау қабілеттерін дамыта алатынына көз жеткізудемін.

Қорыта айтсақ, математика – ғылымдар патшасы, мамандық төресі саналады. Өмірдің қай саласын алсақ та, математиканың қолданылмайтын тұсы жоқ. Сондықтан да есепті білу – өмір заңдылығы. Математиканы терең меңгерген оқушы болашақта қай жерден болса да орын табады. Оған балаларды жетелеп, пәнді сүйіп оқуға негіз салатын ұстаздар қауымы екені сөзсіз.

Назым БЕЙСЕНБАЕВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан