ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЛАКӨЛДЕГІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН КӨРДІ

Уақыты: 22.04.2021
Оқылды: 1033
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Алакөл ауданына арнайы іс-сапармен барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Өңірде құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдап, тиісті тапсырмалар берген Л.Тұрлашов ең алдымен аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс бөлігінде жаңадан бой көтеріп жатқан шағынауданға бас сұқты. Мұнда құрылысы жүріп жатқан 20 және 60 пәтерлі тұрғын үйлердің жағдайын таразылап, белгіленген уақытта пайдалануға берілуін қадағалауды тапсырды.

«Әр нысан осы өңірге, айналаға әр беріп тұруы керек. Ең бастысы, халыққа қолайлы болуы шарт. Сондықтан, құжаттардың заң аясында рәсімделуімен қатар салыну тәртібі, абаттандырылуы мен сапасына, сәні мен сәулетіне баса назар аударған жөн. Бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалап, заңсыздықтарға жол бермеу өзекті мәселе», - деген Лаззат Махатұлы жауапты тұлғалар мен мердігерлерге тапсырмалар берді.

Айдынды өңірдің айбынын асырып отырған тірек салаларының бірі туризм болғандықтан, Л.Тұрлашов көл бойындағы Ақши ауылдық округінде де атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыстағы қуатты туристік аймақ, жылына миллионнан астам мейман қабылдауға қуатты ауылдың потенциалы жоғары. Сондықтан да, жағаны шайған су толқындарына тосқауыл қойып, бекіту жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда 13,550 шақырымға жүргізіліп жатқан бекіту жұмыстарын зерделеп, осы іске жауапты «Спецстрой» ЖШС өкілдерімен әңгімелесті. Бұдан бөлек, ауылдағы ауызсу, кәріз жүйелерін жүргізу қарқынын арттыру керектігін де тілге тиек етті.

«Алакөл – облыстағы туристік әлеуеті өте жоғары өңір. Шетел азаматтары мен ел тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуден бұрын қауіпсіздік пен заман сұранысына сай қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды шаруа. Соның ішінде, көл жағасын бекіту ісін кешеуілдетпеу керек. Бұл бағыттағы жұмыстарға қадағалау да қатаң», - деп атап өтті Л.Тұрлашов.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы