Ынтымақ түбі - береке

Уақыты: 24.07.2017
Оқылды: 1398
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерциялық емес серіктестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковецпен кездесті. Қос тарап сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпалдасу жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

 

Басқосуда өңір басшысы Ресей Федерациясынан келген меймандарға Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашақтағы жоспары жайлы жан-­жақты баяндап берді.
– Жер жаннаты Жетісу жерінде сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Өздеріңіз жақсы білесіздер Алматы облысы – еліміздегі ірі аграрлық өлкелердің бірі болғандықтан мұнда қант қызылшасы, майбұршақ, жүгері өсіріледі. Әсіресе, өңірде қант қызылшасын жандандыруға барынша көңіл бөлудеміз. Өз заманында қант қызылшасын өсіруден ерлік көрсеткен Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева сынды Еңбек Ерлерінің ізбасарлары бұл істе жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Сондықтан да, өткен жылы Көксу қант зауытын іске қостық. Ондағы техникалардың барлығы да жаңартылды. Ал биыл Ақсу қант зауытын іске қосу үшін инвесторлар тартылды. Алдағы уақытта ол зауыт та өз жұмысын үлкен жетістіктермен бастайды деп үміттенеміз. Жалпы, түрлі мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне қолдау білдіруге, ауылшаруашылығын дамытуға барлық жағдайды жасап келеміз. Инвесторларға көрсетілген зор мүмкіндіктердің арқасында көптеген шетелдік ірі компанияның бірі өз кәсіпорындарын ашып жатса, енді бірі зауыттарының құрылысын бастап та кетті. Соның ішінде ресейлік «Лукойл» және «Роллтон» зауыттары да бар. Әріптестік қарым-қатынас нәтижесінде бұдан да өзге ірі кәсіпорындар мен зауыттар салынады деп сенемін, – деді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы. 
Ресейлік бизнес өкілдері де инвестиция құйып, зауыт салуға қызығушылық танытса, ұсыныстарын қарастыруға әзір екендіктерін білдірді. Осыдан кейін сөз алған «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерция­лық емес серіктестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковец Талдықорған қаласының бүгінгі келбетінің адам танымастай өзгергенін тебіреніспен жеткізді. 
– Осы киелі мекенде өмірге келгендіктен, бұл жер маған өте ыстық. Өңірдің бүгінгі келбетін бұрынғымен салыс­тыруға келмейді. Біршама игі істердің атқарылғаны бірден байқалып тұр. Енді алдағы уақытта ынтымақтастықпен халық игілігі үшін қызмет ететін боламыз. Мен төрағалық ететін ұйым Еуразия аумағындағы кәсіпорындар мен компаниялардың арасындағы сауда-экономикалық әріптес­тікке негізделгендіктен, әрине, сіздердің шақыруларыңыз­ды барынша тиімді пайдаланып, барлық мүмкіндікті жіті таразылаймыз. Сол себепті бүгінгі кездесуіміз қос тарапқа да нәтижелі болатындығына сенімдімін, – деді Олег Сос­ковец.
Кездесу соңында қос тарап өз сөздерін ынтымақтас­тық меморандумына қол қою арқылы бекітіп, келешекте бизнесті дамыту бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуге уағ­даласты.
Дәл осы күні Олег Сосковец облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесіп, шағын және орта бизнес тақырыбында кеңінен ой қозғады. Болашақта екі ел кәсіпкерлері арасында берік ынтымақтас­тық орнайтыны да сөз етілді.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.