Диқандармен дидарласты

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 1310
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Се-натының депутаты Аңсар Мұсаханов Теміржол селолық округіне қарасты егістік алқаптарын аралап, науқандық жұмыстарға бел шеше кіріскен диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. 

Жерлестерімен емен-жарқын әңгіме өткізген Аңсар Тұрсынханұлы шаруа адамдарының өрелі табысына ризашылығын білдірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса  көреген   саясатына  сай  Парламенттің екі Палатасында да терең талқыланып, қабылданып жатқан маңызды құжаттардың бәрі ел болашағын баянды етуге бағытталатынын айтты. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алға қойылған тың міндеттерге тоқталды. Бұл орайда бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы туралы, «Туған жерге туыңды тік» деп тәлімдеген халқымыздың даналығына сай болуымыз керектігі жайында мазмұнды да әсерлі пікірлерін ортаға салды.
Сәбетбек Еркінбайұлы басшылық ететін      «Р-Күрті», Ерлан Арызбаев басқаратын «Ш.А.Ә. Қазыбек бек» ЖШС-нің егіс алқаптарында қазір егін ору науқанының қызған шағы.  Диқандармен кездесу кезінде депутат өз жерлестерінің кейінгі кезеңдегі серпілісіне ризашылығын білдірді.
Өтеген - Қазыбек аталатын осынау қыратты таулар мен адырлы аймақтың келешегі шынында жарқын. Өйткені облыста алдағы уақытта құрылатын индустриялық аймақтың бірі дәл осында – шойынжолдың бойында орналасқан Қазыбек бек бекетінде қанат жаймақ. Сөйтіп, келешекте Теміржол ауылдық округінде тұратын барша жұрттың тұрмысы көркейіп, тынысы кеңейе түсері сөзсіз.
 

Серік САТЫБАЛДИЕВ