Егінжайда қызу еңбек

Уақыты: 03.08.2017
Оқылды: 1418
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Дала төсінде қазір қызу еңбек. Шаруалар егін ору қарбаласының бел ортасында жүр. Көктен берген, жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алудың қамындағы жұртшылық әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалануға тырысады. Науқан барысымен танысу үшін егін алқабын аралаған Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек  Далабаев бастаған топпен бірге ен даладағы еңбек дүбіріне куә болдық.

Аудан әкімі алдымен Үлгілі ауылына баратын жолдың бойындағы жайқалған егінге ат басын тіреді. Мұнда «Империя Фуд» ЖШС-нің 200 гектар бидайы пісіп-жетіліп, дәні төгілгелі тұр. Заманауи су жаңа төрт комбайн астық оруға кірісіп кетіпті. Бункерге толған дән сақадай-сай тұрған жүк көліктеріне құйылып, қырманға тасымалдануда. 
Аймақ басшысын шаруашылықтың басқарушы директоры Бағдат Алыбаев жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, түсім жаман емес, әр гектардан орта есеппен 18 центнерден айналу үстінде. Аталған серіктестіктің Үлгілі селолық округ аумағында жүз гектарға жуық жері бар, онда күздік бидаймен қоса арпа, жүгері, сафлор, екпе шөп егілген. Үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар «Империя Фуд» ЖШС қажетті мал азығын өзіне тиесілі осындай шабындық, егістік жерлерінен дайындайды. 
Келесі кезекте Жандарбек Далабаев Үңгіртас ауылының маңында жап-жасыл болып жайқала өскен  жүгері алқабына аялдап, дала аруын күтіп-баптаушылармен тілдесті. Жүгерінің бұл сортынан жақын күндері ірі қараның аса жұғымды азығы – сүрлем дайындалады.
Науқандық жұмыстың көрігін қыздырушылардың бір тобы Аққайнар ауылының жанында дала төсін еңбек дүбіріне бөлеуде. Мұнда «Төре» шаруа қожалығының 50 гектарлық арпа алқабы орналасқан. Қожалық иесі Қамбар Үмбетов және оның серіктесі Александр Першин жұмыстың ұйымшылдықпен өтіп жатқанын айтты. Бірі жеріне дән егіп, екіншісі қолда бар техникасымен қарайласып дегендей, бірлесе еңбек етіп жатқан жайы бар. Бірін-бірі осылайша толықтырып, өзара келісіп атқарған тірліктің екі жаққа да тиімді тұсы көп болса керек. Ауылдан аулақта қожалықтың тағы 200 гектар арпасы ораққа дайын екен. 
Қарақыстақ ауылы тұсындағы 255 гектар алқаптағы жүгері «Табыс» шаруа қожалығына тиесілі. Жандарбек Ермекұлын мұнда қожалық басшысы Талғат Естібеков шаруа жайымен таныстырды. Түбінен арық суы сылдырап ағып жатқан жүгерінің биылғы шығымы да жақсы. Осы телімнен жыл сайын гектарына 455 центнерден өнім алынып, сүрлем дайындалады.
Қожалық ауылдан 600 басқа арналған тауарлы сүт кешенін ашып, осы жылы жұмысын бастаған болатын. Неміс технологиясымен салынып, израильдік аппараттармен жабдықталған кешенде сиыр сауу компьютермен басқарылады. Заманауи үлгіде бой көтерген өндіріс орнындағы асыл тұқымды сауын сиырлар осы сүрлеммен азықтандырылады. Сонымен қатар, ұжым малға қажетті жоңышқа, арпа сынды жемшөп түрін де егеді. Ауылшаруашылық техникаларының да түр-түрі осында. Аудандағы шаруашылықтың көбі осылай егін және мал шаруашылығының жұмысын қатар жүргізеді.
Ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, биыл ауданда 47 мың гектарға жуық алқаптан астық жиналады. Оның 19 мыңдайы күздік бидай болса, 28 мыңға жақын гектары арпа. Бүгінгі күнге егіннің тең жартысы орылды. Ораққа  66 комбайн және өзге де техника түрлері тартылды. Комбайндар өртке қарсы құралдармен жадбықталып, шабыс кешендеріне соқалы тракторлар белгіленген. Астық сақтайтын 17 қойма дән қабылдауға толығымен дайын. Оның жалпы сыйымдылығы 78500 тоннаны құрайды.
 Серік САТЫБАЛДИЕВ