Шаруасы мығым шаруашылық

Уақыты: 10.08.2017
Оқылды: 1881
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аптапта алтын дән сапырған күреңбелдіктердің биыл да ырысы мол. Жаз ыстық болғасын ба, егіннің пісуі ерте, түсімі мол, құнарлық деңгейі де жоғары. Бұл туралы Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылында орын тепкен «Асанұлы Б» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Асанұлы айтып берді.

Аталған шаруа қожалығы 2007 жылы ірге тасын қалаған. Шаруашылық бүгінде шамамен мың гектар жердің егінін орады. Егіс алқабының жартысынан көбі күздік бидайдың еншісінде.  Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, соңғы апталардағы ыстықтың ықпалы тәуір болыпты. Нәтижесінде,  бидай күткен уақытынан бұрын піскен. Сондықтан биыл орақ науқаны шілде айының ортасында-ақ басталып кеткен.
– Биыл  гектарына 20-25 центнер өнім алуды жоспарлағанбыз. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен әлдеқайда жоғары. «Богарный – 56» және «Одесский» тұқымдарын пайдаланамыз. Нәтижесі жаман емес, – дейді қожалық басшысы Бауыржан Асанұлы.
Осы орайда, ұжым жетекшісі өңірде тұқым шаруашылығын дамытудың бүгінгі күн тәртібіне қойылуы тиіс өзекті мәселе екенін, аты әйгілі отандық сала ғалымдары бола тұрса да олардың білім-білігі, қарым-қабілеті шаруа игілігіне толық бағытталмай келе жатқанын айтады. Сонымен қатар, жиналған астықтың ендігі құйылар қамбасының белгісіздігі, яғни, өткізу мәселесінің қиындығы да қазірге шешімін таппаған. 
Бұл ретте аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жалғас Катжанов осы мәселе сала басшыларының назарында екенін айта келіп, науқанға орай аймақ көрсеткішін де тілге тиек етті. 
Ауданда биыл 85 мың гектарға жуық аумаққа дәнді дақыл себіліп, бүгінде  оның 25 мың гектары орылып біткен. Астық ору науқанына 247 комбайн, 188 жүк көлігі және басқа да қосымша техникалар жұмылдырылуда. Бұдан бөлек, мыңнан аса трактордың көмегімен 100 мың тонна шөп дайындалған.
Соның ішінде «Асанұлы Б» шаруа қожалығының атқарған қызметі еселі. Ұжымда қазір 12 адам табан аудармай тер төгуде. Біз барғанда комбайншы Ғалымжан Тоқсабаев серіктестері Қайрат Қожахметов және Дәуітбай Қашағановпен бірге күннің ыстығына қарамастан орылған астықты жүк көлігіне құйып жатты. Олардың өз жұмысына шеберлігі мен еңбеккерлігіне қарап «Еңбегі қаттының татқаны тәтті» екенін бағамдайсыз. 
Еңбек демекші, өз кезегінде Бауыржан Асанұлы жақсы өнім алудың оңай шаруа емес екенін жеткізді. Әрі өз тәжірибесін де ортаға сала отыруды ұмытпады.
– Мен мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланамын. Қазір «КазАгроҚаржы» АҚ арқасында жаңа техникаларға қол жеткіздім. Келешекте жер көлемін ұлғайту да ойда бар, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Ұжым егіннен бөлек қосалқы мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір қожалықта бір отар қой, бір үйір жылқы, 100-ден аса ірі қара бар. Сол себепті жұмысшылар жұмыссыз қалмайды. Жазда егін басында, қыста фермада еңбек етеді.
Қозыбай ҚҰРМАН