Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУДА АЛАКӨЛДІКТЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 694
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шекара шебіндегі Алакөл ауданы бойынша сегіз ауылдық округте әкімдер сайлауы өтуде. Аталған округтерге барлығы 25 үміткер қатысуда. Олардың ішінде «Nur Otan», «Adal», «Ауыл» партияларының мүшелері және өзін-өзі ұсынған азаматтар бар. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Таң бозымен таласа есігін ашқан 14 сайлау учаскесіне ағылған жұрттың қарасы көп. Олардың барлығы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауыл әкімдерін халық сайлауы тиіс деген кемел бастамасын қолдап, болашақ үшін таңдау жасауға келгендер. Жасы да, жасамысы да осында. Бұл өз кезегінде жаңа бастаманың бұқараның көңілінен шыққандығының көрінісі болса керек.

Бүгінде Алакөл ауданы бойынша Ақтүбек, Жайпақ, Бескөл, Қабанбай, Теректі, Қамысқала, Жағатал, Ынталы ауылдық округтері бойынша әкімдер сайлауы өтуде. Бір айта кетерлігі облыс аумағында тіркелген ең жас үміткер де алакөлдік. Теректі ауылдық округіне үміткер болып отырған Жантас Аманкелдіұлының жасы небәрі 25-те.

- Бұл сайлау – әр ауыл үшін тағдыршешті таңдау деп білемін. Президентіміздің бұқара мен билік арасын жақындатып, ауылымыздың ертеңін өз қолымызға тапсырғаны өте жөн деп білемін. Біз бала-шағамызбен келіп, дауыс беруді өз парызымыз деп санаймыз. Себебі, кіндік қанымыз тамып, жөргек кіріміз жуылған туған жеріміз бәрімізге ыстық һәм оның болашағы үшін жұмыла атсалысқанымыз құба-құп дүние. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ауылды дамытуға бағытталған небір келелі мәселелер көтерілген. Әсіресе, жас толқын өкілдерінің сайлауға қатысып жатқанына ризамын. Өйткені, бүгінгі жастардың белсенділігі мен күш-қуаттары халықтың қамына арналып жатса, біз соған түрткі болып отырсақ керемет емес пе?! Қоғамның көңілінен шыққан үміткерді қолдап, барынша қолдау көрсетуге, өзіміздің ағалым ақылымызды айтуға да әзірміз. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» деген тәмсілдің түп мағынасын осындайда түсінесіздер, - дейді өзінің бар отбасымен сайлауға келген 75 жастағы жайпақтық қария Баяхмет Алпысбаев.

Сегіз округ бойынша барлығы 15 мың сайлаушы бар. Әзірге халықтың белсенділігі жоғары.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Алматы облысы