САЙЛАУ-2021: БӨЛЕКСАЗ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛУҒА ҮШ АЗАМАТ ҮМІТКЕР

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 1465
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Біз бүгін Кеген ауданындағы №562 Бөлексаз сайлау учаскесінде болдық.

Санитарлық сақтық шараларының бәрі қолға алынған. Таңғы сағат 7-де Мемлекеттік Гимн орындалып, қарт сайлаушы Амантай Жақашев пен ең жас сайлаушы Нұрсұлу Алжанбай сөз сөйлеп, лебіздерін жеткізді. Екеуіне де учаскелік сайлау комиссиясының атынан естелік кітап сыйға тартылды.

Амантай ата ақ батасын беріп, бірінші болып өз әкіміне таңдау жасады. Мұратжан Масимханов жетекшілік жасайтын аталған сайлау учаскесіне 716 сайлаушы тіркеліпті. Серік Құныпияев, Айболат Сауытқанов, Жомарт Сейітқазыұлы атты үш азамат Бөлексаз ауылдық округінің әкімі қызметіне үміткер болып отыр. Сайлау учаскесінде Тажихан Күдебаева, Сәрсенхан Нүсіпова, Рақия Елжанова секілді біраз жасты еңсерген сайлаушылар да бар. Гүлдана Бақай, Карима Жапсарбай, Рамазан Тоқтарбай есімді ең жас сайлаушылар да осы учаскеде тіркеліпті.

- Ауылымызда сырқаттанып жатқан Мұқатай Тоқтасынов пен мүмкіндігі шектеулі жан Күләнда Таменова үйден келіп дауыс алу жөнінде өтініштерін берді. Арнайы адамдарымыз барып, дауыстарын алатын болады, - дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Мұратжан Масимханов.

Кешкі сағат 20-00-де сайлау аяқталып, нәтижелері белгілі болады. Ауыл әкімдігінен үміткер болып отырған қай азаматтың маңдайы жарқырап, бағы жанарын сол кезде білетін боламыз.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы