ЕКІ АЙДА ҮЛКЕН ІС ТЫНДЫ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1175
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасы «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметінің ақпаратында  кездесуде Қазақстан Президентіне «ЭКСПО – 2017» көрмесінің өту барысы жөнінде баяндалып, оның жұмысы аяқталғаннан кейін нысандарды пайдалану туралы ұсыныстар айтылғаны көрсетілген.

Алдымен Мемлекет басшысына көрме мен павильондарға келушілер саны туралы мәлімделді.
 – Көрмеге үш айда 2 миллион адамның келуі жоспарланған болатын. Бүгінде келушілер саны 2,5 миллионнан асты. Халықаралық павильондарға 5 миллионнан астам адамның келуі көзделген болса, қазір оларды 20 миллионға жуық адам аралап көрген. Келушілер үшін ең танымал павильон – «Нұр Әлем» сферасы. Оған 831 мың турист келген. Көрме соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп жоспарланып отыр. «ЭКСПО –2017» көрмесі ашылғаннан бері 68 елдің ұлттық күндері өтті. Сондай-ақ, көрмеге 106 мәртебелі мейман келді, атап айтқанда, 19 мемлекет басшысы, 16 премьер-министр және олардың орынбасарлары, 11 парламент жетекшісі және олардың орынбасарлары, 60 министр және олардың орынбасарлары бар. Шет мемлекеттер өздерінің павильондарын әзірлеуге 100 миллион долларға жуық қаражат жұмсады, – деді «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.
  Сонымен бірге, Елбасыға туризм саласындағы көрсеткіштердің айтарлықтай өсіп келе жатқаны жөнінде баяндалды. Ахметжан Есімовтің айтуынша, Астана қаласындағы қонақүйлер мен хостелдер саны 27 пайызға өсіп, қонақтарды орналастыру көрсеткіші 60 пайызды құраған. Жалпы, «ЭКСПО» көрмесі экономиканың барлық секторының дамуына серпін беруде. Қонақүйлер мен көпшілік тамақтанатын орындарда турис­тер саны артты. Сол себепті Елорда бюджетіне қосымша қаражат түсіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның 196 компаниясы көрме кешенінің құрылысына қатысты. Бұл 200 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыды. Қазір көрме қызметін қамтамасыз ететін 21 мыңдай адам жұмыс істеу­де. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес көрме құрылысына 816 млрд. теңге қарастырылған. Кейіннен бұл қаражат оңтайландыру есебінен 452 млрд. теңгеге азайтылыпты. Көрмеден ке- йін бұл аумаққа «Астана» халықаралық қаржы орталығын, IT-стартаптар паркін орналастырып, бірқатар орталық пен павильондарды ЭКСПО мұрасы ретінде сақтап қалу көзделіп отыр.
Осындай жан-жақты қолдау мен жүйелі жоспар негізінде қолға алынған көрме жұмысының бүгінгі беталысы жаман емес. Айталық, 10 маусым мен 14 тамыз аралығында көрмеге қатысушы елдердің халықаралық павильондарына кіріп-шығу саны 17 миллион адамды құрады. Олардың ішінде Африка Плазасы (22 ел) 659 452, Мысыр 608 733, Түркия  596 462, Әзірбайжан 568 654, Таиланд 566 711, Үндістан 557 480, Ресей 515 321, Өзбекстан 469 575, Жапония 461 772, Сауд Арабия Корольдігі 419 285 адамды қабылдаған. Өткен екі айда халықаралық қатысушылармен 66 Ұлттық күн және 4 мамандандырылған күн ұйымдастырылыпты. 160-қа жуық тақырыптық іс-шара (конгресс, конференция, форум, мастер-кластар) өткен. 
  Аталған мерзім аралығында жалпы сомасы 131 767 992 теңгені құрайтын 84 495 дана лицензиялық өнім сатылған. Көрменің екі ай жұмыс аралығында 537,8 тонна өнім әкелінсе,  қоғамдық тамақтану орындары 558, 7 мың келушіге қызмет көрсеткен. Тауар айналымының жалпы сомасы 905,7 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ, осы мерзімде байланыс орталығына 44 242 адам жүгініпті. Оның ішінде 26261 қоңырау түсіп, ақпарат киос­кілеріне 17016 азамат жүгінген. Екі ай ішінде халықаралық павильондарға 5298 тонна жүк жеткізілген. Қазіргі кезде көрме қалашығында 5181 адам тұрады. Жалпы мерзім ішінде (2 ай) 15416 қонақ орналас­тырылыпты. Аллергия, дене қызуының көтерілуі және қан айналым жүйесінің аурулары сияқ­ты медициналық көмекке 4864 келуші жүгініп, 49 адам ауруханаға жатқызылған. Баспасөздерде жарияланған материалдардың жалпы саны 15 410 құрады. 
Көрменің аяқталуына әлі де бір айға жуық уақыт бар. Демек, бұл көрсеткіштер еселене түседі. Қысқасы, осы уақыттың өзінде көрменің келешегі туралы болжам мен жоспардың өз деңгейінде орындалып жатқанын байқау­ға болады.

Қажет АНДАС.