Ел болашағы

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1468
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазір әлем елдері экология мәселесіне баса назар аударуда. Қоршаған орта мен ауаның ластануы адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Соның алдын алу үшін көптеген ел жасыл экономикаға көшіп жатыр. Жасыл экономика дегеніміз – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, табиғи таза өнімдер шығару және халықтың әл-ауқатын жақсарту.

Бүгінде өзіміз тіршілік етіп, ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғатты қорғап, аялау баршамыздың міндетіміз. Елордамыз Астанада өтіп жатқан бүкілдүниежүзілік «ЭКСПО –2017» көрмесінің жасыл энергияға байланысты болуы және экология проблемасының тұңғыш рет қазақ елінде аталған көрменің күн тәртібіне енгізілуі бекер емес. Кең-байтақ қазақ жерінің шұрайлы Жетісу өлкесі баламалы энергия көздерін өркендетуге қолайлы. Өйткені, өңір су, жел және күн энергиясына табиғи жағынан өте бай. Сондықтан, облысымыз Жасыл экономикаға көшу бағдарламасына елеулі үлес қосып, соңғы жылдары бірнеше су, жел, күн энергиясы көздерінде қызмет атқаратын стансылар пайдалануға берілді. Энергияның баламалы көзінің ішінен облыста кіші су электр стансыларын салу және іске қосу дамыған бағдарламаның бірі. 
Облыста кеңес кезеңінен 8 кіші су электр стансысы жұмыс істейді. Оның сыртында 2008 – 2016 жылдары жаңадан 10 кіші су электр стансысы іске қосылды. Кіші өзендерге тіреуішті тоғансыз жұмыс істейтін осындай су электр стансыларын салу ел экономикасының энергетикалық тиімділігін көтерудің маңызды бағдарының бірі саналады. Облыста 2020 жылға дейін 11 су электр стансысын салу жоспарланған. Оның ішінде ең ірісі Шелек өзені сағасында құрылатын қуаттылығы 60,8 МГВ су электр стансысы. Өткен жылы Қапшағай қаласында 2 жел электр стансысы іске қосылды. Сондай-ақ, облыста күн энергиясын тиімді пайдалану қолға алынған. Қапшағай қаласы маңындағы күн электр стансысының құрылысына «Самрук грин энерджи» ЖШС 1700 млн. теңге жұмсап, пилотты инновациялық жобаны өзінің инвестициясы арқылы іске қосты. 
Күн электр стансысының барлық кешені ашық аспан астындағы бірнеше қатарлы күн батареяларынан тұрады. Осы жерде 5615 тұрақты күн батареялары және күнбағыс сияқты күн соңынан айналатын 60 батарея орнатылған. Күн энергиясы осылай табиғи түрде өзгеріп, шағын трансформаторға шоғырланып, елдің бірыңғай энергожүйесіне беріледі. Қазір стансының қуаты шағын, барлығы 2 мгВт. Бірақ, «Самрук грин энерджи» ЖШС жаңғыртылмалы энергия көздерін дамыту шеңберінде 10 жобаны іске асырмақ. Былтыр Қапшағай қаласында жалпы қуаты 9,0 МВт. 2 жел электр стансысы іске қосылды. Облыстың электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етуде күн мен жел ресурстарынан алынатын электр стансысы ұтымды болып отыр. Нәтижесінде қолданылған жасыл технология арқылы қоршаған ортаның жағдайын біршама жақсартуға болады. 
Аймақта 2020 жылға дейін жасыл энергия көздері арқылы қызмет атқаратын 130-ға жуық нысан іске қосылмақ. Оның ішінде 100 су электр стансысы болса, соның отызын жел мен күн электр стансылары құрамақ. Сонымен бірге ұзындығы 265 шақырым «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының іске қосылуы Жетісу өлкесінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етпек. Бұл құрылысына 21,4 млрд. теңге бюджет қаржысы бөлінген өңірдегі ең ірі әлеуметтік маңызы бар жоба. Міне, жоғарыда аталған аумақты іс-шаралардың арқасында облыстың ауасының ластануына шектеу қойылып, сапасының жақсаруына назар аударылуда. Бұл өңір халқының әл-ауқатының жақсарып, денсаулығының нығаюына, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың орташа өмір сүру деңгейінің жоғарылауына айтарлықтай септігін тигізетін болады.


Қонысбек БАЙЕДІЛОВ, 
Алматы облысы бойынша      
экология департаментінің басшысы.