КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ДА ҚУАҢШЫЛЫҚ, БІРАҚ ЖИЫН-ТЕРІН ЖАЛҒАСУДА

Уақыты: 18.09.2021
Оқылды: 1234
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кербұлақ ауданында барлық егістік жер көлемі 112 мың 910 гектар, оның ішінде, дәнді дақылдар 96 мың 608 гектарды құраса, мұның 26 085 гектарына күздік бидай, 70 523 гектарына жаздық дәнді дақылдар себілген. Бұдан басқа, картоп, қант қызылшасы, майлы және бақшалық дақылдар мен көкөніс түрі егілген.

Бүгінгі таңда масақты дәнді дақылдар ору науқаны жүріп жатыр. Оған 85 комбайн, 65 астық тасуға арналған басқа да техника түрлері жұмылдырылған. Жыл басынан ауыл шаруашылығы саласында 61 дана техникамен машина-трактор паркі толықты.

Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашынның болмауы салдарынан еліміздің бірқатар аймағында, оның ішінде, біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алды. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып табылатын күреңбелдіктер үшін үлкен қиындық тудырды. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес мал қыстату науқанына аудан бойынша 195,1 мың тонна шөп, 32,1 мың тонна жем қажет болса, бүгінгі күнге 194 мың тонна шөп (99 пайыз), 26 мың тонна жем (81 пайыз) дайындалды. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары әлі жалғасуда.

Аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының өздерін жемшөппен қамтамасыз етуге толық мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, астық ору науқаны мен қысқы мал азығына жемшөп дайындау жұмысына мемлекет тарапынан арзандатылған 1 литрі 175 теңгеден 3200 тонна жанар-жағармай бөлінді.

Ауданның аграрлық секторында «Өңірлік үйлестіру кеңесінен» өткен инвестициялық жобалар іске асуда.

Ауданда 3591 шағын шаруашылық субъектілері жұмыс істейді. Оларда 8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Орта және шағын бизнес өкілдері есепті мерзімде 12 млрд.246 млн.теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсетті. Жергілікті бюджеттегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 31 пайызды құрайды. Ауданда экономикалық дағдарыс кезінде тоқтап тұрған, жұмысшыларын қысқартқан немесе ақысыз демалысқа жіберген кәсіпорындар жоқ.

Осыдан он жыл бұрын 4 млрд.459 млн.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, биылдың қаңтар-маусым айларында 9 млрд.306 млн.теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш екі есеге өскен.

Раушан БИСЕМБЕКОВА,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы