ШЕҢГЕЛДІДЕ ШАРУАЛАР ҚАМБА ТОЛТЫРУДЫҢ ҚАУЫРТ ЖҰМЫСЫНА КІРІСТІ

Уақыты: 19.09.2021
Оқылды: 1319
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылдағы науқан. Шеңгелді ауылының шаруагерлері өз өнімдерін жинап, қамбаларына салуда. Соған орай, биыл диханшылар үшін ауа райы да көмегін беріп, қолайлы болып тұр. Бұл туралы "Жетісу" газеті Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Науқан жылдағыдан осы жылы ертерек басталды. Кейбір шаруа қожалықтары егістігінің ерекшелігіне қарай жиын-терінді енді бастап жатса, енді бірі дақылдарын жинап та үлгеріп жатыр.

Қапшағай өңірінің ұзақ жылдан бері осы саламен айналысып жүрген шаруалары өнім көлемін арттырып, тұқым түрлерін ірілендіруге көбірек мән беріп келеді. Олардың ішінде «Етекбаев» шаруа қожалығы да бар. Қожалықтың бұл жолда жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтаған. Қарамағында жергілікті ауылдың 8 адамы еңбек етеді.

Шаруашылық иесі Нұрлан Етекбаевтың айтуынша, озық технологияның жоқ заманында жұмысшы қатары көп болған. Кейін елімізде автоматтандырылған дәуір туғасын еңбек күші азайып, бәрі техникаға жүктелген. Қазір осы заманауи үрдіспен іс жүргізіп келеміз дейді.

Бүгінде 140 га жердің 70-не дәнді жүгері, 27-сіне қант қызылшасы, 15-іне пияз, қалған 8 гектарына жеміс-жидектер себілген. Ағымдағы жылы да былтырғыдай пиязды гектарына 600 центнер (40 тонна) алуға үмітті. Сол секілді осы жылы дәнді-дақылдар түрін молайтып отырған жүгеріден де жақсы нәтиже болатынына сенімді.

Тамшылатып суару жүйесімен өнім алып жүрген қожалық мемлекет қолдауын да сезініп жатқандарын жасырмады. Суға, жанар-жағармайға, жүгері, қызылшаға субсидия беріліп тұрады екен. Онымен қоса, терілген өнім Алматы облысын, Қапшағайды санамағанда Алматының сауда нүктелеріне (Алтын Орда, Магнум, Метро, Агромарт) жөнелтіліп отырады. Сонымен бірге, ТМД мемлекеттеріне, одан қала берді Еуропа елдеріне де экспортқа шығарылып тұратын көрінеді.

Қазір барлық өнім түрлері сыйымдылығы 300 тонна болатын қоймаға жиналып, қысқы қам жасалуда. Қожалық техникалық бірліктенде кенде емес (8 техника), қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, соған қарай жұмыста ойдағыдай жүргізіліп келеді.

Тағы бір қуантарлығы, «Етекбаев» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Етекбаев қайырымдылық ісімен де шұғылданады. Бұл жағын айтпасаңыз да болады деп қысылған азамат қамқорлық жария қылмай жасайтын іс деп білемін деді. Расымен де игілікті іс атқару - жомарттық пен кеңдіктің, жүректегі иманның нұрлылығымен жүзеге асатын іс.

Жалпы, аймақта 13666 гектар егістік жері игерілген. Соның 4917-сі дәнді дақыл, 3941-і жаздық арпа, 976-сы дәндік жүгері, 3437-сі майлы дақыл, 400-і картоп, 1831-і көкөніс, 250-уі бақша дақылы, 600-і қант қызылшасы және 2231-і мал азығы.

Қапшағай қаласы бойынша бақша дақылдарын жинау аяқталған. Оның өнімділігі 260 ц/га-на құрады. 400 гектар картоптан 219 ц/га өнім жиналса, ал көкөністердің 1200 гектары терілген. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге 150 тонна жанар-жағармай бөлініп, оның литрін 180 теңге арзандатылған бағамен алу қарастырылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"