МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТПЕГЕН МЕКТЕПТЕРДІ АРАЛАДЫ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 890
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастаған бір топ депутат Талдықорған және Үштөбе қалаларындағы білім нысандарының күрделі жөндеу жұмысын тексерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Комиссия мүшелері әуелі Талдықорғандағы Н.Островский атындағы №8 орта мектепке барды. «СП» ТОО мердігер компания басшылығының мәліметінше, мектеп қолданысқа ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілуі керек. Бірақ мамандар маусым айында басталған құрылыс жұмыстарын одан ерте аяқтап беруге тырысамыз дейді. 1000 орынды мектептің құрылыс жұмыстарына 82 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылған. Әзірге оқушылар 6 мектепте және жақын маңдағы колледждерде оқып жатыр. Оларға арнайы автобус бөлініпті.

– Мектептің ішкі және сыртқы жұмыстары 90 пайызға аяқталды. Жұмыс қарқында жүріп жатыр. Уақыттан қалып келе жатқан жоқпыз. Сапа да басты назарда. Алдағы аптада сыртқы жұмыстарға көшеміз, – деді мердігер Оңалды Тәжібаев.

Білім ордасын толықтай аралап шыққан Жанболат Жөргенбаев: «Алдыңғы айдағыдай емес, жұмыстарыңыз баяулап қалыпты. Әсіресе, электр жүйесі мен абаттандыру жұмыстары. Осы мәселені қолға алыңыздар. Мектепті сапалы әрі уақытылы аяқтауларыңыз керек», ­– деді.

Осыдан кейін Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке бас сұқтық. 1171 орынды білім орнында 320 оқушы ғана оқиды. Себебі, ғимараттың іші өте суық. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Былтыр мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары биыл қазан айында аяқталады дейді мамандар. Нысан құрылысына өзгерістер енгізілуіне байланысты жұмыс ұзаққа созылыпты.

Сапар соңында ат басын Кемел Тоқаев мектебіне бұрдық. 600 орынды мектепте 800 бала оқиды. Осыған орай  мектептің жанынан қосымша 200 орынды ғимарат тұрғызылуда. Аудан басшылығының айтуынша, келер жылы 100 орынды колледж бен 30 орынды жатақхана салу жоспарда бар. Тамыз айында басталған құрылысқа 100-ге жуық адам, 8 арнайы техника жұмылдырылған. Негізі жұмыс 11 айда аяқталуы тиіс. Десе де, мердігер компания басшылығы құрылысты ертерек өткізетінін жеткізді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы