САРҚАНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚТАМАЙДЫ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1044
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Сарқан ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй салынуда", - деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған тұрғын үйдің бүгінде іргетасы қаланып қойған. Үй аумағында 10-нан аса жұмысшы маусымдық жұмысқа тартылып, 3 техника жұмылдырылған. Аталған нысанның аяқталу мерзімі - 2022 жылдың соңы.

- Жалпы, ауданда 2006-2019 жылдар аралығында 60-қа жуық тұрғын үй салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілген еді. Алдағы жылдарда көп қабатты тұрғын үйлерді көптеп салуды басты назарға алып отырмыз. Осы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға аз уақыттың аралығында жаңа пәтер кілтін табыс етпекпіз, - деді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомар  Мыңбаев. Сонымен қатар, Сарқан қаласында болашақта көп қабатты тұрғын үй саны артып, ел игілігіне берілмек. Аталған көпқабатты үйлердің барлығы шағын жылыту қазандықтарына қосылатын болады дейді жауаптылар.

Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер - «Golden City DS» ЖШС. Жалпы екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй жұмысына 222 млн.теңге қаражат қарастырылған.

Айта кетейік, Сарқан қаласында 1991 жылдан бері көпқабатты тұрғын үй құрылыстары жүргізілмеген. Ал 2020 жылдан бұл жұмыстар жанданып, желтоқсан айында бес қабатты 50 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілмек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"